17 ЖАСАР КОНДИТЕР НЕМЕСЕ ТӘТТІ АРМАННЫҢ ИЕСІ

0

Ол сабақтан шыққан соң бос уақытын әлеуметтік желіде отырумен өткізбейді. Достарымен ұзаққа серуендеп не ойын соңында жүрмейді. Оның «сабақтан кейінгі әлемі» – нағыз шабыт пен тәтті иіс сіңген аспаздық шеберхана.

Диас Саулембаев – 17 жасар Қордай ауылының тұрғыны, 11-сынып оқушысы. Жасөспірім болса да, қазірдің өзінде өзінің сүйікті кәсібі, тұрақты клиенттері және кәсіби арманы бар. Ол – торт пісіріп, сәндеп, тапсырыспен сататын кондитер.

– Кулинарияға қызығушылығым 12 жасымда басталды. Әуелі қарапайым печенье мен пирогтар пісірдім. Ал алғашқы толыққанды торт «Прага» болатын. Сол сәттен бастап бұл хобби менің кәсібіме айналды, — дейді Диас Берікұлы.

Диастың алғашқы ұстазы – анасы. Үйде тәттілер дайындап жүрген анасына қарап, ол алғаш рет өз қолымен отбасы мүшелеріне қуаныш сыйлағысы келген. Осы ықылас үлкен еңбекке, табандылыққа ұласып, бүгінде нағыз кәсіпке айналған.

Жас аспаз торттардың тек дәмді болуына емес, сыртқы көрінісінің де ерекше болуына аса мән береді. Түрлі-түсті декорлар, нәзік композициялар, клиенттің көңілінен шығатын дизайн – осының барлығы оның жұмысына деген шынайы махаббатын аңғартады.

– Бұл мен үшін тек табыс көзі емес. Кондитерлік – демалудың, ойды сергітудің, шабыт алудың жолы. Біреуге қуаныш сыйлап жатқанымды сезіну ең үлкен марапат, — дейді Диас шынайы сезіммен.

Білімін үнемі жетілдіріп отыруды ұстанатын жас шебер 9-сыныпта мемлекеттік курсқа қатысып, үшінші дәрежелі біліктілік алған. Кейін жергілікті кондитерден жеке сабақ алып, қазір Қордайдағы тәжірибелі мамандардың қасында әрі көмектесіп, әрі тәжірибе жинап жүр.

Қазіргі таңда тапсырыстарды таныстары мен туыстары арқылы алады. «Сарафандық жарнама» жақсы жұмыс істеп тұрғанымен, Диас енді өз брендін қалыптастыруды жоспарлап жүр. Instagram парақшасын ашып, кәсіби стилін қалыптастырмақ. Сондай-ақ, өзінің авторлық рецепттерін жетілдіріп, жаңа тәтті түрлерін үйренуде.

Оқушы болса да, ол уақытты тиімді пайдаланып, оқу мен хоббиін қатар алып жүр. Қазір жазғы демалыс болғандықтан уақыты жеткілікті. Ал оқу жылы басталғанда тапсырысты тек сабаққа зияны тимейтін сәттерде ғана қабылдайды екен. Бұл – оның жауапкершілігінің бір көрінісі.

– Әлі нақты қай мамандықты таңдайтынымды білмеймін. Бірақ бір нәрсе анық, мен болашақ өмірімді дәл осы сүйікті іспен байланыстырғым келеді. Өз кондитерлік дүкенімді ашуды армандаймын, — дейді Диас.

Жас маманның ерте қалыптасқан еңбекқорлығы көп қатарластарына үлгі екені сөзсіз. Бүгінде «жасым кіші, қолымнан ештеңе келмейді» дейтін уәжге сылтау қалмағандай. Себебі, Диас секілді азаматтың талпынысы мен табандылығы кез келген істің жасқа қарамай табысты болатынын дәлелдеп тұр.

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.