МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІ – МЕМЛЕКЕТТІҢ БЕТ-БЕЙНЕСІ

0

Мемлекеттік қызметшінің қызметтік әдебі өте маңызды ұғым. Өйткені мемлекеттік қызметшінің тәртібі мен өзін-өзі ұстауына, кәсіби біліктілігіне, халықпен қарым-қатынасына қарай ел-жұрттың тұтас мемлекетке деген көзқарасы қалыптасады. Сондықтан елімізде мемлекеттік қызметшінің әдеп нормалары қалыптасқан. Мемлекеттік қызметшінің әдебі мен мінез-құлық мәселелеріне үлкен мән берілуі тегіннен тегін емес.

Қоғамның айнасы саналатын мемлекеттік қызметшілер өз әрекетімен басқаларға да үлгі бола білуі керек. Сондай ақ мемлекеттік қызметкерлер әркез қызмет көрсетудің жоғары стандарттарына сәйкес болуға, адалдық, ашықтық және әділдік қағидаттарын басшылыққа ала отырып, қызметтерді кәсіби көрсете білуі тиіс. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлық мәдениеті мен кәсібилігі туралы оң пікірді қалыптастыруға тырысу керек. Мемлекеттік қызметші жан-жақты дамыған, үнемі салауатты өмір салтын ұстануы және отбасы құндылықтарын да насихаттауы қажет. Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің басты міндеттерінің бірі – қызметкердің мінез құлқының және өзге адамдармен қарым-қатынасының оңды болуын қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және қызметтік әдеп нормаларын бұзушылықтардың, оның ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтарды болдырмаудың алдын-алу, жұмыстан тыс кезде заң бұзушылықтарға жол бермеу. Жұмыстан тыс уақытта мемлекеттік қызметшіге беделін түсіретін және қоғам тарапынан сын мен айыптау тудыратын жағдаяттардан қашқақтау қажет. Сондықтан мемлекеттік қызметкерлердің әдебі барлық уақытта маңызды.

Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі адалдық, әділдік, ашықтық, сыпайылық қағидаттарына негізделеді. Адал ниеттілік – қоғам игілігі үшін мемлекетке кәсіби және жауапты қызмет ету, адалдық – өз міндеттеріне шынайы көзқарас, әділдік – жеке және заңды тұлғалардың, қоғамдық топтар мен ұйымдардың ықпалына қарамастан заңды шешім қабылдау және кез келген мән-жайлар бойынша біржақтылық пен субективтілік себебінен адамдарды кемсітуге жол бермеу. Ал ашықтық – жұртшылықпен жұмыс істеуге дайын екендігін көрсету және өз іс-қимылының ашықтығын қамтамасыз ету. Сыпайылық – азаматтар мен әріптестерге дұрыс және құрметпен қарау.

Мемлекеттік қызметшінің әдеп кодексіне сәйкес, басшы және қарамағындағы қызметкер барлық тұлғалардың құқықтарының, бостандықтарының және заңды мүдделерінің сақталуын, қорғалуын қамтамасыз етуі тиіс. Азаматтармен және әріптестерімен қарым-қатынас жасау кезінде сыпайылық, әдептілік танытып, мемлекеттік қызметте қарым-қатынастың жоғары болуына ат салысуы керек. Мемлекеттік қызметшілер Әдеп кодексі нормаларының барлық талаптарын қатаң сақтауға міндетті. Мемлекеттік қызметші ұлт пен мемлекеттің бет-бейнесі, оның табысты жұмыс істеуінің кепілі екенін ұмытпаған ләзім.

Жанат МҰХАТАЕВА, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің Әдеп жөніндегі уәкілі

Leave A Reply

Your email address will not be published.