ҚҰРЫЛЫСҚА ҚАЖЕТ ҚЫШ – АУЫЛДАН

0

Қордай ауданында мемлекет қолдауына сүйеніп, өз ісін дөңгелетіп отырған азаматтар аз емес. Солардың бірі – Сарыбұлақ ауылының тұрғыны, кәсіпкер Рахат Марикбаев.

Рахат Жұмабайұлы 2025 жылдың қаңтар айында ол «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2,5 пайызбен 9,2 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, пескоблок шығаратын құрылғы сатып алды. Сөйтіп, ауылда құмблок өндірісін жолға қойды.

Кәсіпорын ауласына кіргенде, ең әуелі біркелкі тізілген сұр түсті блоктар көзге түседі. Жаңа ғана қалыптан шыққан, әлі кеппеген пескоблоктар күннің астында біркелкі қатайып

жатыр. Құрылғы бір сәтке де дамыл таппай, гүрілдеп жұмыс істеп тұр: бір жағынан қоспа құйылады, екінші жағынан дайын блоктар сырғып шығады.

– Құрылыс қарқынды жүріп жатқан мына заманда пескоблоктың артықшылығын айтып жатудың өзі артық шығар. Дегенмен, айта кетейін, пескоблок – цемент, құм және карьер қиыршық тасын араластырып дайындалатын құрылыс материалы. Ол кірпішке қарағанда жылы, берік және кез келген ауа райына төзімді. Үй, гараж, қора-сарай тұрғызуға таптырмас материал, — дейді Рахат Жұмабайұлы.

«Марикбаев» Жеке кәсіпкерлігі бүгінде маусымдық уақытта 7 адамды жұмыспен қамтып отыр. Әрқайсысының өз міндеті бар, бірі шикізатты өлшейді, бірі қоспаны дайындайды, енді бірі дайын блоктарды жинап, тапсырыс берушілерге жөнелтеді.

– Бәсекелестік артқан заманда қатардан қалмай, сапалы өнім ұсыну – басты мақсатымыз. Қазір түрлі тапсырыстар қабылдап, ісімізді алға бастырып жатырмыз. Ең бастысы ауылда жұмыс орындарының ашылуы. Бұл мен үшін үлкен жетістік, — дейді кәсіпкер.

Осылайша Сарыбұлақтағы шағын ғана цехтың гүрілі бір ауылға тіршілік тынысын қосып отыр. Бірінің отбасына нәпақа, екіншісіне үй салуға қажетті материал болған бұл кәсіп – ауылдағы еңселі істердің бірі. Ендеше алдағы уақытта Рахат Марикбаевтың еңбегі еселеніп, кәсібі өркендей берсін деп тілейміз.

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.