Қазақ тілі – халқымыздың рухани қазынасы, ұлттық болмысымыздың айнасы. Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру – әрбір қазақстандықтың азаматтық борышы.
Мен Қордай ауданындағы Тілдерді оқыту орталығында қазақ тілінен сабақ беремін. Біздің орталықта түрлі ұлт өкілдері мемлекеттік тілді үйреніп жатыр. Бұл – тек білім беру емес, тіл мәртебесін көтерудің бір жолы. Сабақ барысында тек грамматикамен шектелмей, қазақ халқының тарихы мен мәдениеті де таныстырылады. Тыңдаушылар қазақ тілінде еркін сөйлеп, ойын жеткізуге үйреніп қана қоймай, салт-дәстүрге, ұлттық құндылықтарға да құрметпен қарай бастайды.
Қордай ауданындағы Тілдерді оқыту орталығында өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйрету бағытында түрлі жұмыстар жүргізіліп келеді. Біздің мақсат – тыңдаушыларға тек тіл үйретіп қана қоймай, қазақ халқының тарихы мен мәдениетін де насихаттау.
Орталық жанынан құрылған «Шаңырақ» клубы – соның жарқын дәлелі. Бұл клубтың әр отырысы ерекше өтеді: қатысушылар қазақ әндерін орындайды, ұлттық ойындар ойнайды, салт-дәстүрлермен танысады. Сабақтарымыз тек оқулықпен шектелмейді, шығармашылық бағытта өтеді. Түрлі тақырыпта ашық сабақтар, викториналар, поэзия кештері ұйымдастырылады. Бұл әдіс тыңдаушылардың тілге деген қызығушылығын арттырып, сөйлеу дағдысын дамытады.
Сабақтар барысында сөйлесу дағдыларын қалыптастыруға, күнделікті өмірде қолдана білуге баса назар аударамыз. Ән айту, мақал-мәтел жаттау, рөлдік ойындар арқылы тіл үйренуді жеңіл әрі қызықты етеміз.
Қазақ тілін үйренуге деген қызығушылық жылдан-жылға артып келеді. Біздің орталықта түрлі жастағы және түрлі салада еңбек ететін азаматтар оқиды. Олар өз еркімен келіп, мемлекеттік тілді меңгеруге ниет білдірді. Бұл – елімізде тілге деген құрметтің артып келе жатқанын көрсетеді.
Бүгінде өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйрету арқылы біз мемлекеттік тілдің мерейін өсіріп, оның қоғамдағы орнын нығайтып келеміз. Бұл – тіліміздің болашағына жасалған маңызды қадам.
Қазақ тілі – тек қазақтың емес, барша Қазақстан халқының тілі. Сондықтан оны меңгеру – елге деген құрметтің белгісі. Тіл мәртебесін бірге көтерейік!
Эльмира ЖҰМАХАН, Қордай ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Тілдерді оқыту орталығы» КММ-нің қазақ тілі мұғалімі