Тамыз айының алғашқы күндері ата-аналар үшін жаңа оқу жылына дайындықтың нағыз қызу кезеңі басталады. Бұл кезде олар балаларының мектеп формаларын, оқу құралдарын, спорт киімдерін, сөмкелерін және аяқ киімдерін сатып алу үшін талапқа сай дайындық жұмыстарын жүргізуді қолға ала бастайды. Балалардың білім алуында маңызды рөл атқаратын мұндай дайындықтар кейбір отбасы үшін біршама қаржылық шығынмен келеді.
Алайда, ауданымызда ата-аналардың бұл қиындықтарын жеңілдету үшін «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында жан-жақты көмек көрсету шаралары өткізілуде. Балалар мектепке қажет киім-кешек пен құралдарды уақтылы алуы үшін түрлі әлеуметтік акциялар мен түрлі жобалар ұйымдастырылып келеді. Осыған байланысты, аудандық білім бөліміне қарасты Д.Қонаев атындағы мектеп гимназиясында аталмыш акцияға орай шара өткізілді. Шараның басты мақсаты — балалардың мектепке баруын, оқу барысында ешбір қиындыққа тап болмауын қамтамасыз ету.
Шараға ауданымыздың білім беру саласының қызметкерлері, атап айтқанда, мектеп директоры Назира Танабекова, ұстаздар, кәсіпкерлер, ата-аналар және оқушылар қатысты. Директор Назира Азтанқызы шараның маңыздылығын атап өтіп, әрбір балаға білім алу үшін барынша жағдай жасау керектігін ерекше атап өтті.
Жиын барысында «Сладари» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ислам Давуз демеушілік көрсетіп, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылардың балаларына мектеп сөмкесі мен қажетті құрал-жабдықтарды табыс етті. Бұл акция қоғамымыздағы әр адамның, әр отбасының білім алуына барынша қолдау көрсетуге негізделген әрекет.
2008 жылдан бастап елімізде тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан «Мектепке жол» акциясы әрбір оқушының білім алуына жағдай жасауға бағытталған бірегей жоба. Акцияға меценаттар, кәсіпкерлер, мекеме-ұйымдар, ұстаздар мен ата-аналар, жалпы жұртшылық белсене атсалысып келеді.
Осылайша, көптеген балалар мектепке толық даярлықпен баруда. Бұл әсіресе аз қамтылған және көп балалы отбасыларға көмек көрсетуге, сондай-ақ әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бармауының алдын алуға бағытталған.
Ә.САТЫШЕВ