Жаңа идея мен табандылық бар жерде кәсіптің де өркені өседі. Соның бір айқын мысалы – Қордайлық жас отбасы Ұлан Сапиев пен Айнұр Абдулмақсұттың еңбегі. Екі баланың ата-анасы бола жүріп, олар жиһаз жасау ісін дөңгелетіп, халыққа сапалы әрі сәнді өнім ұсынып отыр.
Кәсіп иесі Ұлан Сапиев бұл істі 2021 жылы бастаған. Оның айтуынша, ең әуелі отбасына тұрақты табыс көзін қалыптастыру және тұрғындарға қолжетімді, заманауи жиһаз ұсыну мақсаты тұрды.
– Бұл істі бастауға ең алдымен өз кәсібімді дөңгелетіп, отбасылық табыс көзін қалыптастыру ниеті түрткі болды. Сонымен қатар, сапалы әрі талғаммен жасалған жиһазға деген сұраныстың жоғары екенін байқадым. Осы қажеттілікті ескере отырып, тұтынушыларға ыңғайлы әрі заманауи өнім ұсыну мақсатында осы істі қолға алдық, — дейді ол.
Жас кәсіпкерлердің «Like Мебель» атты салоны бүгінде аудан жұртшылығына жақсы таныс. Мұнда тапсырыс бойынша жұмсақ жиһаздар – диван, төсек және дайын өнімдер де сатылымға шығарылады. Әрбір жиһаз тұтынушының талғамына, үйінің кеңістігіне қарай жеке дайындалады. Тапсырыстарды 1 метрден бастап 7-8 метрге дейінгі кез келген өлшемде қабылдайды.
Ұлан Сапиев жиһаздарының сапасына айрықша мән беретінін айтады: «Дивандар мықты матадан, берік поролоннан және ортопедиялық пружиналардан жасалады. Қолданылатын механизмдердің түрі де сан алуан. Мәселен, «Тик-так» – еденді сызбай, оңай ашылады, «Дельфин» – күнделікті ұйқыға ыңғайлы, «Еврокнижка», «Пума», «Аккордеон» – заманауи стильге сай механизмдер. Жиһаздың түсі, матасы мен дизайны – барлығы тапсырыс берушінің талабына сай таңдалады. Классикалық үлгіден бастап заманауи стильге дейінгі кең ауқым ұсынылады»,-дейді кәсіпкер.
Жұбайы Айнұр Абдулмақсұт та отағасының ісін қолдап, белсенді түрде көмектесіп жүр. Ол №7 Бетқайнар колледжінде әдіскер әрі ағылшын тілі пәнінің оқытушысы болып жұмыс істейді. Бүгінгі таңда декреттік демалыста болса да, отбасылық кәсіптің дамуына үлесін қосып келеді.
– Қазіргі таңда Қордай ауылындағы Домалақ ана көшесінде орналасқан «Like Мебель» салонында төрт адам еңбек етеді. Әрқайсысының өз саласы бар: бірі – ағаш шебері, бірі – қаптаушы, енді бірі – механизмдер мен құрылымды құрастырушы. Жұмыс ауқымы артқан кезде қосымша мамандарды тартамыз, – деп отыр кәсіп иесі.
– Бір жиһазды жасауға орта есеппен 3–7 күн аралығында уақыт кетеді. Бұл тапсырыстың күрделілігіне, өлшеміне және таңдаған материалына байланысты болады, – дейді Ұлан Арыстанбекұлы.
Жас кәсіпкерлердің өнімдері Қордайдан бөлек, Жамбыл облысы мен Алматы қаласынан да сұранысқа ие. Әлеуметтік желілер арқылы еліміздің түрлі аймақтарынан тапсырыстар артып келеді.
– Басты мақсатымыз – сапалы әрі сәнді жиһазбен әр үйге жылылық пен жайлылық сыйлау. Алдағы уақытта өнім түрлерін кеңейтіп, сапалы әрі қолжетімді отандық өнім ұсынуды мақсат етіп отырмыз, — дейді Айнұр Абдулмақсұт.
Болашақта кәсіпкерлер Қордай ауылынан үлкен цех ашуды, жиһаз салонын кеңейтіп, жаңа құрал-жабдықтар алуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, толық интерьерге арналған жиһаз түрлерін көбейтіп, әр үйдің стиліне сай дизайнерлік жобаларды жүзеге асыруды көздеп отыр.
Жиһаз өндірісін дамыту отандық өнімнің сапасын арттыруға үлес қосатын игі іс. Қордайлық жас кәсіпкерлердің еңбегі соның айқын дәлелі екенін көріп отырмыз. Бүгінгі «Like Мебельдің» жасаған әр бұйымы тек жайлылық қана емес, жасампаз еңбектің, отбасылық ынтымақтың жемісі деуге болады.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ