Тіл – ұлттың рухани байлығы, халықтың жаны. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту – Тәуелсіз Қазақстанның басты басымдықтары-ның бірі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жөнінде: «Қазақ тілі – ұлттың ұйытқысы. Бұл тілдің мерейін асырып, қолданыс аясын кеңейту – бәріміздің азаматтық парызымыз» деп нақты атап өткен болатын. Мемлекет басшысының бұл сөзі барша қазақстандықтар үшін бағдаршам іспетті.
Қордай ауданында да тіл саясаты бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Ағымдағы жылы аудан бойынша 1400 азаматты қазақ тілі курстарымен қамту жоспарланса, бүгінгі күнге дейін 979 адам курстарға қатысып, тіл үйрену үстінде. Олардың ішінде: 316 – білім беру саласының қызметкері, 327 – студент, 60 – медицина қызметкері, 2 – мәдениет саласының маманы, 53 мешіт имамы, 10 – мемлекеттік қызметкер, 2 – жекеменшік серіктестік өкілі, 93 – түрлі сала қызметкері,116 – жұмыссыз азаматтар бар.
Аталған көрсеткіш – аудан тұрғындарының мемлекеттік тілге деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді. Бұл тек білім беру емес, ел ішіндегі этностардың өзара татулығын, мәдени бірлігін нығайтатын маңызды қадам болып отыр.
Сонымен қатар, мемлекеттік тілдің қоғамдық кеңістіктегі мәртебесін арттыруда көрнекі ақпарат пен сыртқы жарнамаларға қойылатын талаптар да маңызды. Өкінішке қарай, көрнекі ақпараттардағы сауатсыз жазулар – жиі сынға ілінетін түйткілдердің бірі. Осыған орай Қордай ауданында ҚР «Тіл туралы» Заңының талаптарын түсіндіру және бақылау мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылуда.
Кәсіпкерлік нысан иелеріне әдістемелік көмек көрсетіліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, «Көрнекі ақпарат пен сыртқы жарнамаға сауаттылық!» атты аудандық айлық ұйымдастырылып, нәтижесінде бірқатар олқылықтар анықталды. Мұндай жұмыстар халық көп шоғырланатын орындарда – дүкендерде, қоғамдық тамақтану орындарында тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Бұл шаралар заң талаптарының сақталуына ғана емес, мемлекеттік тілдің беделін арттыруға да үлес қосуда.
Тілдер күні – бұл тек мереке ғана емес, әрбір азаматтың ана тіліне, мемлекеттік тілге деген сүйіспеншілігін, құрметін білдіретін күн. Біз бірлігі бекем, тілі ортақ, болашағы жарқын ел болу жолында бірігіп еңбек етуіміз қажет. Өйткені тіл – халықтың болмысы, рухтың тірегі, елдің мәңгілік мұрасы.
Осы атаулы күнде барша Қордай жұртшылығын Қазақстан халқы тілдері күнімен шын жүректен құттықтаймыз!
Тіліміз тұғырлы, ұлтымыз ынтымақты, болашағымыз баянды болсын!
Салтанат Балпукова, Қордай ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы