Агросалаға айырықша назар

0

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауын, оның ішінде ел экономикасына тың серпін беретін ауыл шаруашылығына қатысты мәселелерді үлкен ыждағатпен тыңдағандардың қатарында болдым десем, артық айтқандық емес. Өйткені осы салада еңбек етіп жүрген жан ретінде Президент сөз еткен міндеттер мен түйткілдер маған етене таныс. Бұл – отыз жылдан астам ғұмырын ауыл шаруашылығына арнаған біз секілді еңбек адамдары үшін аса көкейтесті әрі маңызды мәселелер.

Президент Жолдауында биылғы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауы – еліміз үшін айрықша бастама.

– Елімізге кәсіби даярлығы жоғары, білікті жұмысшылар өте қажет, бұл – анық нәрсе. Қазір елімізде мыңдаған жұмыс орны бос тұр. Түрлі салада, тіпті, жалақысы едәуір жоғары жұмыс орындары бар. Бұл орындарды шетелден келіп жатқан адамдар толтыруда. Жыл сайын мыңдаған инженер, құрылысшы және ауыл шаруашылығы маманы оқуын бітіріп шығады. Бірақ олардың көбі мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Олар арнайы білімді қажет етпейтін, тез табыс әкелетін жұмыстарды таңдайды. Әрине, адал еңбектің жаманы жоқ. Бірақ бұл үрдіс жеке адамға да, бүкіл елге де үлкен пайда әкелмейді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Рас, ауыл шаруашылығы саласына әлі де болса білікті мамандар ауадай қажет. Агроном, механизатор, техникалық қызметкерлердің тапшылығы жыл өткен сайын күшейіп келеді. Президентіміз айтып отырған бұл мәселе – сөзсіз, осы тапшылықтың алдын алу мен оны түбегейлі шешуге бағытталған қадам.

Жолдауда Үкіметке нақты салаларда еңбек ететін жұмысшыларға қолайлы жағдай жасауды тапсыруы – ел ертеңін ойлаған, еңбек адамына арналған қамқорлықтың айқын көрінісі.

– Жұмысшы мамандықтарына деген құрметті арттыра түсуіміз керек. Оларға лайықты жалақы төлеу қажет. Бұл – мемлекетіміздің алдында тұрған негізгі міндеттің бірі, – деген Мемлекет басшысының бұл сөзі біз секілді еңбек адамдарын қанаттандырып, жаңа белестерге жетелейді.

Президен түптеп келгенде ауыл шаруашылығы саласын жедел өркендету қажеттігін ерекше атап өтті. Бұл – ел экономикасын нығайтудың маңызды тетіктерінің бірі екені сөзсіз.

– Қолданбалы ауыл шаруашылығы ғылымын жедел өркендетпейінше, агроөнеркәсіп кешенін ұзақ уақыт бойы қарқынды дамыту мүмкін емес. Бірақ бюджеттен қомақты қаржы бөлініп жатқанына қарамастан, аграрлық ғылымның қайтарымы әлі де төмен. Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру деңгейі 17 пайыздан аспайды. Ал тиісті оқу орындарын бітірген түлектердің 40 пайызы ғана осы салада жұмыс істеуге барады. Агроғылым мен «жердегі тіршіліктің» арасында алшақтық бар, – деді Мемлекет басшысы.

Осы орайда ауыл шаруашылығы ғылымын дамыту үшін нақты жоспар қажет екенін де айтты. Бұл жоспар заманауи цифрлық технологияларды енгізуді және сала өнімділігін арттыруды көздеуі тиіс. Ветеринария мен фитопатологияның кенжелеп қалуы да сала бәсекеге қабілеттілігін тежеп отырғаны да орынды айтылды.

Агросаланы дамытудың негізгі бағыттарының бірі – агрохабтар және логистика екені даусыз. Бұл жөнінде де Президент орынды ойын ортаға салып, нақты тапсырмалар берді:

– Қазіргі таңда ең өзекті міндеттің бірі – агрохабтар мен логистика орталықтарын дамыту. Шетелдік инвесторлармен серіктестікті нығайту қажет. Бірақ бұл үшін отандық кәсіпкерлер заманауи талаптарды түсініп, жасанды интеллектіні тиімді пайдалана білуі керек. Министрлік мал шаруашылығындағы агробизнесті қолдау жоспарын әзірлеп, нақты қаржыландыру тетіктерін бастауы тиіс. Мақсат – ішкі нарықты етпен қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетті де арттыру.

Осы бағытта өзіміз қолға алған «Бай Нұр» шаруа қожалығы да ауқымды жобаларды жүзеге асыруда. Еуропа және Шығыс Азия елдерімен әріптестік орнатып, ұлттық өнімдерімізді сыртқы нарыққа шығаруға қадам жасап келеміз. Логистика, ветеринарлық және фитосанитарлық стандарттарды сақтау – біздің басты ұстанымымыз.

Президенттің сөзімен айтқанда, қазіргі таңда сүт өндіруші кәсіпорындар шетелдік әріптестерімен бәсекелестікте артта қалып отыр. Себебі олар жеткілікті мемлекеттік қолдауға ие бола алмай келеді. Осы бағытта біздің қожалық та ірі жобаны Қордай ауданында жүзеге асыруда. Мемлекет басшысы қолдауынан кейін біз де бәсекеге қабілетті болуға бар күшімізді саламыз.

– Мен игерілмей бос жатқан және заңсыз алынған ауыл шаруашылығы жерлерін кері қайтарып, оны қайта бөлу туралы тапсырма бердім. Жер иесіз қалмауы тиіс. Жер тек оның қадірін білетін азаматтарға берілуі керек. 2022 жылдан бері 13,5 миллион гектар жер қайтарылды. Алайда соның тек 6 миллион гектары ғана жаңа жер иелеріне берілген. Қайтарылған жерлер келесі жылдың ортасына дейін айналымға енгізілуі тиіс. Бұл – жайылым тапшылығы мәселесін шешудің де жолы, – деді Президент.

Шынында, нәсібін жерден терген шаруа үшін жердің жайы – ең маңызды мәселе. Жерсіз шаруаның күні – күмәнді. Сондықтан Мемлекет басшысының бұл бағыттағы тапсырмалары – әрбір фермер үшін үлкен демеу.

– Жер қатынастарына қатысты заңсыздық пен қағазбастылықты жою қажет. Ауыл шаруашылығы жерлерін беру тәсілдерін түбегейлі өзгерту керек. Жер бөлу шешімі цифрлық форматта, электронды конкурстар арқылы қабылдануы тиіс, – деген тапсырма да салаға ашықтық пен әділдік әкелетініне сенім мол.

Қорытындылай келе, Мемлекет басшысының Жолдауы – ауыл шаруашылығы саласына жаңа серпін беретін, еңбек адамының қадірін арттыратын тарихи құжат. Егер ондағы міндеттер жүйелі жүзеге асса, еліміздің аграрлық әлеуеті артып, ауыл өмірінің түтіні түзу ұшары сөзсіз.

Айман Ашимова, облыстық мәслихат депутаты, «Бай Нұр» шаруа қожалығының басшысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.