Тоқсан жаста да ем жасайды

0

Қордайлық Есімқұл Халықбаев қария толайым тоқсан жасқа келді. «Дәкүменттегі жасым әлі 89-да» деп қояды өзі. Бұл бір жыл болса да жас көрінейін дегені емес, кезінде құжат толтырғанда кеткен қателіктен көрінеді. Өңіне қарасаң — тоқсанды былай қойып, алпыс – жетпістегідей, сөзіне құлақ түрсең – салауаттылық жайлы әңгімелерімен баурап алады. Қимылы да ширақ, қашан барсаң да өз бөлмесіндегі ұзынша үстелдің үстіне кітап, қағаздарын жайып қойып, ақ барақтың бетіне сыдыртып жазып отырғаны. Ұзақ ғұмырында басынан өткен естеліктерді ғана емес, ұрпағына, жалпы көпшілікке өз тәжірибесінен түйген дәрігерлік кеңестерін кітап түрінде ұсынбақшы.

Иә, ол шын мәнінде үлкен әріптермен жазылатын ДӘРІГЕР. Әскери медицинаның подполковнигі, «КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі». Жалпы 56 жылдық қызмет өтілімен денсаулық сақтау ісіне қосқан сүбелі үлесі үшін алған марапаттары бір сандық болған. Бұрынғыларын айтпағанда, былтыр тәуелсіз еліміздің «Авиценна» Алтын жұлдыз» құрмет белгісімен, биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай «Аманат» партиясы аудандық филиалының Алғыс хатымен марапатталған.

Алайда, дәрігер болу деген ой оның басына о баста кіріп те шықпаған екен. Көлбайлардың ата қонысы — Күнбатыстағы бастауыш сыныптарда оқып, одан кейін көрші Қызылсайда жетіншіні бітірген он бес жасар Есімқұл 1951 жылы Фрунзедегі көркемсурет училищесіне түскісі келеді. Бала кезінен суретті жақсы салатын, ішкі әлемі де соны қалап тұрды. Соғыстан кейін жұрт әлі тойына қоймаған кез, киім атаулыдан жаңасы анасы батсайыдан тігіп берген резеңке белбеулі кең балақ шарабар ғана. Үйдегілер жолы мен тамағына деп берген азын-аулақ тиын-тебенмен қалаға жетеді. Живопись, сурет, кескіндеме түріндегі үш емтиханнан да жақсы баға алғанымен, қырсыққанда оны оқуға қабылдамай қояды. «Сен қазақсың, ақылы бөлімде оқы, әйтпесе жолың әнекей» дейді. Оқуға төлейтін ақша онда қайдан болсын, ауылда алты баламен ілдалап отырған ата-анасынан да қайыр жоқ. Іші удай ашып, училищенің алдында көз жасын төккеннен басқа не істесін?. Сөйтіп, егіліп тұрғанында қасына бір жігіт келіп, неге жылайтынын сұрайды. Бұл өксігін баса алмаған күйде жөнін айтады. Есімқұлдың мектепті жақсы бітіргені туралы құжаттарын көріп біраз ойланды да әлгі жігіт: «Онда былай істейік» деп мұны келесі бір оқу орнына ертіп жөнеледі. Мұндағы емтихандарды да ойдағыдай тапсырған ол, ойда жоқта жатақханасы да, тамағы да тегін медучилищенің студенті болып шыға келеді. Оның былайғы өмірінің өзегіне айналған, артық кемі жоқ 56 жылдан асқан дәрігерлік жолы осылай басталады.

Есімқұл Халықбаев Республикалық медучилищенің фельдшерлік-акушерлік бөлімінде төрт жыл, Қырғыз мемлекеттік медицина институтында алты жыл қызыл дипломды білім алады. Тағдыр оны әр салаға салып шыңдай түседі. Әскерге шақырылып, Сібір әскери округінің Новосибирск қаласындағы ракета әскерлерінің медсанбатында бес жыл, Қорғаныс министрлігінің «Боровое» әскери санаториінде алты жыл, Қырғызстанның «Қойташ» әскери госпиталінде он төрт жыл қызмет етеді. Сөйтіп, жиырма алты жылын арнаған әскери қызметтен 1987 жылы подполковник шенімен отставкаға шығады. Одан кейінгі қызмет жолы азаматтық медицинада жалғасып, Бішкек қалалық наркологиялық ауруханасында он бір жыл психотерапевт-нарколог болады. Бұл кезеңде оның емінен қаншама нашақорлар мен маскүнемдер емделіп қатарға қосылды десейші. Еліміз тәуелсіздік алып, барлық салада қат-қабат өзгерістер, қиындықтар орын алып білікті дәрігерлердің тапшылығы туғанда Есімқұл Халықбайұлы туған жеріне оралады. Сортөбе ауруханасында терапевт, нарколог, рентгенолог болып 1998 жылдан 2017 жылға дейін еңбек етті. Науқастарды емдеу, денсаулық сақтау қызметін жақсартуға сүбелі үлесін қосып, өмірлік бай тәжірибесін жастарға үйрете жүріп жасы сексеннен асқанда ғана аудан орталығына қоныс аударды.

«Дәрігердің үш қаруы бар: бірі— сөз, бірі – шөп, бірі – пышақ» деген екен атақты Ибн Сина. Есімқұл Халықбайұлының дәрігер ретінде көбінше қолданатыны осының алғашқысы. Яғни, әсерлі сөзбен адамның жан дүниесіне қозғау салу, кеселден айығамын деген ішкі сенімін нығайту. Бұл кез-келген адамның бойында болатын ішкі күштерін ауруға қарсы жұмылдыру деген сөз. Яғни, тәні ауырғанның жанын дәрісіз, пышақсыз сөзбен емдеу, оның бір түрін гипноз деп жатамыз. Совет заманының көзі ашық дәрігерлері сол кездің өзінде мұны жоққа шығармаған, ретіне қарай тәжірибеде қолданды да. Е.Халықбаев та 1971 жылы Украинаның Харков қаласында аутогендік жаттығулармен емдеудің арнайы курсынан өтіп келеді де, онымен айналысуға білек сыбана кіріседі. Ол маған Гуго Глязердің «Медицинадағы ерліктер хикаясы» деген бір кітабын ұсынды. 1967 жылы неміс тілінен аударылған екен. Ол адамның өз еркімен түрлі қиын жағдайда сынақтан өткен небір адам төзгізсіз оқиғалары туралы екен. Әрине, алдын ала аутогендік жаттығулар дайындығынан өткендері болмаса, кез-келген адам мұндайға төзбейді, өліп те кетеді. Кітаптан бір ғана мысал, неміс дәрігері Ханнес Линдеман 1956 жылы өзін апатқа ұшыраған кемедегі кісінің жағдайына түсіріп, Африканың батыс жағалауынан Американың шығысындағы Гаити аралдарына дейін қайықпен жүзіп өткен. Бір кісілік резеңке қайықпен, шектеулі ғана жолазықпен шыққан бұл сапарында оның басынан нелер ғана өтпеді десейші. Екі рет алапат дауылда қайығымен қоса аударылып бар азығы суға кетеді, қайықтың рулі сынады, желкені жыртылады, тағы бірде акуламен арпалысуына тура келеді. Балық ұстап талғажау етіп, жаңбыр тамшыларымен шөлін басып, қайығына толып қала беретін суды тынымсыз сыртқа төгумен, киімдерін қайта-қайта сығып кептірумен азапты сапарында ақыры 119 күн дегенде мақсатына жетті. Бұған өзін-өзі алдын-ала машықтандырып, жігер-күшін шынықтырып: «Мен мұны істей аламын!», «Берілмеймін!» деген ұранды сәт сайын есіне алып, ақыл-есін де жоғалтпаған, тәні қалжыраса да жігері мұқалмаған. Міне, адам жанының ішкі тылсым күші деген осы. Ал, осындай күшті ауруға қарсы жұмылдыра білсе, жазылмайтын кесел жоқ, дейді Есімқұл қария. Өз тәжірибесінде аутогендік жаттығулар тәсілімен бер жағын айтпағанда, талай адамды рактан да, туберкулезден де, маскүнемдіктен де айықтырған мысалдары көп екен.

Ал, олардың жазылып шыққан соң ақ жүректен жазып қалдырған алғыс-тілектері бірнеше дәптер болған. Оны парақтай бастасаң күллі одақты шарлап шыққандай боласың. Мәселен, жетпісінші жылдары «Боровое» әскери санаториінде емделгендерден Новосибирскден келген полковник М.Саввин ауыр күйзелістен, екі мәрте Кеңес Одағының батыры, атақты ұшқыш Гастеллоның жиені Г.И.Гастелло туберкулезден, Приозерск қаласынан майор Е.Семенюк, Киевтен келген Фомина, қазіргі Ресей сыртқы істер министрінің нағашысы майор И.Е.Лавров, Алматыдан Социалистік Еңбек Ері И. Мырзабеков, Целиноград қалалық атқару комитетінің төрағасы А. Сәрсенов әйелі екеуі де аутогендік жаттығулардан кейін құлан-таза жазылып шыққанын жазыпты. Ауруханадан аурухана қоймай қаралса да дертіне ем қонбай бәрінен түңіліп, дәрігерлердің тілімен айтқанда «нөлдік нүктеге» түсіп кеткендердің де талайын өмірге қайта әкелген. Есімқұл Халықбайұлының курстастарынан Исмайлов Бекмырза өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдары Қырғызстанның денсаулық сақтау министріне дейін өскен, ал, Сейітхан Жошыбаев бүгінде Таразда жүрек ауруларын емдейтін жеке клиникасы бар қазақ-қырғызға атағы шыққан кардиолог.

Ақсақал отбасында да жолы болған адам. 1960 жылы мединститутты бітірерде бас қосқан зайыбы Шәкен де (Қасық ауылынан) медбике болып 46 жыл еңбек еткен-ді. Олар алпыс жыл, он ай бірге тұрыпты. «Шәкенім мінезі мақпалдай алтын адам еді жарықтық, осыдан төрт жыл бұрын өмірден озды» деп қамығады қария. Екеуі ұл да өсірді, қыз да өсірді, шүкір олардан немере, шөберелері де бар. Балаларын оқытып, ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Ленинградта реставрациялық училищені бітірген үлкен қызы Гүлнара қазір Якутскде тұрады, жиені Тимур Алматыда құрылысшы. Өмірден ерте кеткен ұлы Мұраттан қалған тұяқ — бокстан Ресейдің спорт шебері Нұрсұлтан да Якутияда. Сол немересі осы жазда якут келіншегі Сайнаны ертіп келіп, бір айдай атасының қасында аунап-қунап кетіпті. Қарияның интернационалдық әулетінде дүнген келін де бар. Ол ұлы Алмаздың зайыбы Зухра. Олардың қызы Ләззат Ломоносов мектебінде 8 сыныпта оқып жүрсе, аяғын апыл-тапыл басқан бір жасар Арманның тұсаукесер тойы болыпты жақында.

Қарияның Алматыда тоқсан бес жастағы әкпесі Сағымкүл мен Ауқаттыда сексен бестегі қарындасы Арзанкүл тұрады. Өздері әкесі Сүгірбайұлы Халықбайдан алты ағайынды болса, бүгінде жер басып жүргені осы үшеуі. Бәрі де өсіп-өнген, ұрпағымен жайқалған мәуелі бақ секілді. «Атасы еккенді баласы орады» демекші, бүгінде әкесінің ісін жалғастырып жүрген ұлы Алмаз аудандық емханада массажист. Егде жасына қарамай біздің Есімқұл қарияның өзі қазір де дертіне шипа іздеген жандарды үйінде қабылдай береді.

Құрманбек Әлімжан, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қордай ауданының Құрметті азаматы

Leave A Reply

Your email address will not be published.