Мұғалімдер әулеті

0

Отбасы… Бұл сөз әрқайсымыздың жүрегімізде ерекше мәнге ие. Адам өміріндегі ең қымбат нәрсе – отбасы, өмір жолымыздың бастауы да осы қасиетті ұғыммен тығыз байланысты. Әркім үшін отбасы – жылылық пен қамқорлықтың, сүйіспеншілік пен сенімнің символы. Бұл мақалада өмірін білім беру саласына арнаған, педагогикалық жолды ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып келе жатқан мұғалімдер әулеті туралы сөз қозғалады. Басты кейіпкерлер – балаларға деген шексіз сүйіспеншілігімен, өз ісіне берілгендігімен ерекшеленетін Қашқымбаевтар отбасы.

Мұғалімдер әулеті – бұл тіркес салмақты естіледі әрі зор мағынаға ие. Ол тек кәсіби таңдауды ғана емес, сонымен қатар үлкен жауапкершілікті, рухани кемелділікті, білім мен тәрбиеге деген адалдықты білдіреді. Мұндай отбасылар – ұлттың алтын қазығы, болашақтың бағбаны. Осы ұлы мұратты бойына сіңірген жанұялардың бірі – Қашқымбаевтар әулеті.

Қашқымбаевтар отбасы – отбасылық дәстүрлері мен құндылықтарын берік сақтап келе жатқан, Қордай ауылында тұратын, өз кәсібіне шынайы берілген жандар. Олардың өмір жолы – үздіксіз даму мен ізденіске толы. Бұл отбасының іргетасын қалаған – Әнуар Мұхитұлы мен Ирина Александровна Қашқымбаевтар. Олар әртүрлі аймақта дүниеге келгенімен, ортақ құндылықтар мен өзара сыйластық негізінде жарасымды отбасы құра білді.

1981 жылы педагогтар отбасында дүниеге келген Әнуар Мұхитұлы жастайынан білімге деген құштарлық пен өзін-өзі дамытуға ұмтылу рухында тәрбиеленді. Оның әкесі, Ауған соғысының ардагері Мұхит Кемілданұлы – табиғатынан дарынды суретші, көп жылдар бойы бейнелеу өнері және сызу пәнінен сабақ берген ұстаз. Ал анасы Майя Жанқызы – өмірінің 35 жылын орыс тілі мен әдебиеті пәнін оқытуға арнаған тәжірибелі мұғалім. Ол бүгінгі күнде де өз білімі мен тәжірибесін колледж студенттерімен бөлісуді жалғастырып келеді.

– Мен үшін мұғалім болу – бала күнгі арманымның жүзеге асуы. Әке-шешем менің алғашқы тәлімгерлерім болды. «Жастар – ел болашағы» деген сөз мен үшін ұран емес, өмірлік қағида. Ұрпақ тәрбиесі – ұстазға жүктелген үлкен сенім, – дейді Әнуар Мұхитұлы.

Ол үш жоғары білім алып, жан-жақты дамыған тұлға ретінде қалыптасты. Экономика, құқық және педагогика салаларын меңгерген ол 2006 жылы құқық қорғау саласында еңбек жолын бастап, учаскелік инспектордан табиғатты қорғау бөлімінің басшысы қызметіне дейін көтерілді. Қызметтік жолында адалдығымен ерекшеленіп, түрлі марапаттарға ие болды. 2015 жылы ішкі істер органдарынан зейнетке шыққаннан кейін, отбасымен бірге наубайхана ашып, кәсіпкерлікпен айналысты. Алайда жүрек қалауына айналған педагогика саласына қайта оралып, 2018 жылдан бастап Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №51 мектепте алғашқы әскери дайындық және дене шынықтыру пәндерінен сабақ береді. Қоғамдық өмірге белсенді араласып, Қордай ауданындағы «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысын басқарады. Сынып жетекшісі ретінде екі сыныпты үлкен өмірге жолдады.

1981 жылы Шу ауданы, Төле би ауылында дүниеге келген Ирина Александровна да білімі мен еңбегі жоғары бағаланған отбасында өсті. Әкесі Александр Николаевич – Тараз қаласының ІІД кадр бөлімінде қызмет етіп, сонымен қатар велоспорттан спорт шебері атанған. Ол қызының бойына тәртіп пен спортқа деген сүйіспеншілікті сіңіре білді. Анасы Алтынкүл Алмасбекқызы – бастауыш сынып мұғалімі және тәжірибелі психолог ретінде балабақша меңгерушісі қызметін атқарған. Анасының үлгісі Иринаның ұстаздық жолды таңдауына үлкен ықпал етті.

– Мұғалім болу – күрделі де жауапты іс. Үнемі ізденіс үстінде болу, білім көкжиегін кеңейту – бұл мамандықтың басты талаптары. Бұрынғыдай тек кітаппен шектелу жеткіліксіз, бүгінгі күні жаңа технология мен әдістемелерді меңгеру қажет. Мұғалім – баланың жетістігіне жауапты тұлға. Әрине, бұл жұмыс үлкен күш-жігерді, жанкештілікті талап етеді. Соған қарамастан, әр күн жаңа үмітпен басталып, оқушылардың ынтасы мен алға ұмтылысы бар шаршауды ұмыттырып жібереді. Бұл – шынайы бақыт, – дейді Ирина Александровна.

2005 жылы Тараз қаласындағы ІІМ жоғары мектебінде оқып жүріп, Ирина тағдыр қосқан жары Әнуармен танысты. 2006 жылы екеуі шаңырақ көтеріп, өмір жолдарын бір арнаға тоғыстырды. Жарқын одақтың нәтижесінде отбасында екі қыз – Әлия мен Аида дүниеге келді. Ирина Александровна 2010 жылы мектеп психологы ретінде еңбек жолын бастап, 2015 жылдан бері бастауыш сынып мұғалімі ретінде қызмет етіп келеді. Ол Ахмет Байтұрсынұлы атындағы орта мектепте жеті жылдан астам уақыт еңбек етіп, «Жас сарбаз» сыныбын табысты аяқтап шықты. Жалпы педагогикалық еңбек өтілі – 23 жыл.

Бүгінде Қашқымбаевтар әулеті дамуын жалғастырып келеді. Үлкен қызы Әлия биыл мектепті үздік аяқтап, отбасының педагогикалық дәстүрін жалғастыруды ұйғарып, Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институтына оқуға түсті. Ол ағылшын және қытай тілдерінің мұғалімі болуды мақсат етіп отыр. Кіші қызы Аида – жетінші сынып оқушысы, мектеп бағдарламасын ынтамен меңгеріп жүр.

Қашқымбаевтар – ғажап жанұя. Ирина Александровнаның әкесі – орыс ұлтынан, ал отбасында татар ұлтының да ізі бар. Соған қарамастан, отбасында қазақ тілі – басты қарым-қатынас тілі. Қыздары қазақ тілін еркін меңгерген. Атасы Мұхит немерелеріне қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын үйретіп отырады. Ирина Александровна да қазақ тілін еркін сөйлейді, мұсылман дінін қабылдап, қазақы салт-дәстүрлерді ұстанады. Отбасында мұсылман мерекелері мен ұлттық мейрамдар ерекше ықыласпен аталып өтеді.

Қашқымбаевтар отбасы – дәстүрге, білімге және Отанға деген шынайы сүйіспеншілікке негізделген берекелі әулет. Олар – өскелең ұрпаққа үлгі болып, қоғамның дамуына өз үлесін қосып келе жатқан өнегелі жанұя. Бұл отбасының өмір жолы – әр ісіне жан-тәнімен берілген, ел болашағы үшін аянбай еңбек етудің айқын дәлелі.

Мадина УЗБЕКОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.