10 маусым күні аудандық мәслихаттың кезекті сессиясы өтіп, жиынға аудан әкімі Рүстем Дәулет, аудандық мәслихат хатшысы Нұрдин Садықов, аудан әкімінің орынбасары Елдос Мендекеев, аудандық мәслихат депутаттары, ауылдық округ әкімдері, аудан әкімдігінің бөлім және мекеме басшылары қатысты.
Жиын барысында «Ауылдық округтердің аумағын абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық күтіп-ұстауды жақсарту туралы», «Ауданның әлеуметтік және сауда нысандарында өрт қауіпсіздігі қағидаларын сақтау бойынша атқарылған іс-шаралар туралы», «Аудандық полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша атқарған жұмысы» жөніндегі сұрақтар қаралды. Айта кетсек, депутаттар бұл сұрақтар бойынша атқарылған жұмыстарды жан-жақты зерделеп, тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында алдын ала талқылай келе өз ұсыныстарын енгізген болатын. Сессия барысында аудан әкімдігінің тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ермұрат Кәріпбайдың баяндамасы тыңдалды. Депутаттар аудан аумағында атқарылып жатқан абаттандыру жұмыстарының барысын тыңдап, жұмысты тек екі айлық тазалық науқаны кезінде ғана емес әрдайым бақылауда ұстап, апатты қоқыс орындарының пайда болмауы бойынша ел арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді ұйымдастыру қажеттігін алға тартты.
Күн тәртібіндегі келесі сұрақ бойынша аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Қанат Иманқұловтың баяндамасы тыңдалды. Жарыссөз барысында депутаттар өрт қауіпсіздігі мәселесі өзекті болып тұрғанын атап өтіп, мәдениет, денсаулық сақтау, білім беру мекемелері қажетті құралдармен, қосымша шығу есігі және дабыл қағу жүйесімен жабдықталған болса, сауда нысандары мен дәмханаларды, қала берді жекеменшік балабақшаларды мораторийге байланысты тексеруге мүмкіндік жоқ екенін атап өтті. Дейтұрғанымен, аталмыш нысандарды өртке қарсы құрал-жабдықтармен қамтамсыз етіп, қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет.
Ал, қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мәселесі бойынша аудандық полиция бөлімінің бастығы Мақсат Ережеповтің баяндамасы тыңдалды. Баяндаманы талқылау барысында депутаттар шешімін күткен мәселелердің әлі де бар екенін алға тартып, «Қарасу» өткізу бекетінің маңындағы жүк көліктерінің кезегіне байланысты жағдайға ден қойды. Осы орайда депутаттар кезектегі жүк көліктерінің бірнеше қатармен жолдың үстіне шығып кететінін, осының салдарынан жол жүру ережесінің бұзылуымен қатар, апатты жағдай орын алатынын тілге тиек етті. Сондай-ақ, саладағы шешімін күткен мәселелер қатарында көші-қон саласына қатысты сұрақтар болды. Бұл негізінен елімізге тұрақты тұруға келген азаматтардың құжаттарын ұзақ рәсімдеу мен еңбек мигранттарын есепке алудағы олқылықтарға байланысты.
Осыдан кейін, аудандық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Жанат Дадабаеваның аудандық мәслихат депутаттарының өкілдіктерін мерзімнен бұрын тоқтату және шығып кеткен депутаттардың орнына депутаттарды сайлау қорытындылары туралы ақпараты тыңдалды. Айта кетсек, аудандық мәслихаттың депутаты болған Д.Абдраимовтың қайтыс болуына және А.Чуваның арыз беруіне байланысты олардың депутаттық өкілдіктері тоқтатылды. Осылайша, 2021 жылғы 10 маусым күні «Nur Otan» партиясынан аудандық мәслихат депутаттары ретінде сайланған Болат Анарбеков және Ербол Бурашев әлеуметтік-қоғамдық даму, үкіметтік емес ұйым мен қоғамдық бірлестік, қоғамдық құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелері бойынша және экология, табиғатты пайдалану, әкімшілік-аумақтық құрам, жер телімдерін сатып алу келісім-шарттарының жобаларын қарау, өнеркәсіп, энергетика, құрылыс, ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі аудандық мәслихаттың тұрақты комиссиялар құрамына енгізілді. Мұнымен қатар сессия барысында ведомствоаралық сипаттағы аудандық комиссиялардың құрамдары бекітіліп, бұрын қабылданған комиссия құрамына өзгерістер енгізілді. Қаралған сұрақтар бойынша тиісті шешімдер қабылданып, келесі сессияның төрағасы болып аудандық мәслихат депутаты Эрик Құрымбаев сайланды.