Қордай аудандық мәдениет үйінде, аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен, Ардагерлер кеңесі мен оның жанындағы Әкелер кеңесінің және аудандық мәдениет үйінің бірлесуімен, ҰОС Жеңісінің 80 жылдығы мен «Отбасы күні» мерекесіне орай аудандық байқау өткізілді.
Алдымен аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет барша қатысушыға сәттілік тілеп, шараның шымылдығын ашып берді. Байқауда ауданға қарасты 13 ауылдық округтен келген қариялар немерелерімен жұп болып сынға түсті.
Байқау төрт кезеңді қамтыды. Атап айтқанда, «таныстыру», «өнер», «қамшы өру», «ҰОС-нан оралған майдангер ерлігінен көрініс».
Мұндай додалардың мақсаты – жанұядағы әке мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайту. Баланы адамгершілікке, кішіпейілділікке, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білуге тәрбиелеу. Сондай-ақ, соғыс жылдарындағы майдангерлер ерлігін бүгінгі буын ұрпаққа өсиет ету. Әділ қазылар алқасының құрамында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет, Қазақстан журналистер одағының мүшесі Құрманбек Әлімжан, Қордай ауылының еңбек ардагері Нұрғали Өмірзақ, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сатбек Саламатов, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Дүкенбай Сегізбаев болды.
Қазыналы қариялар мен немерелерінің басын қосқан байқау өте тартысты өтті. Олай деуіміздің себебі, әрбір жұп өз ерекшеліктерімен танылып, көпшіліктің көңілінен шыға білді. Сонымен қатар, мәдениет үйіне тамашалауға келген көрермендер де аз болмады. Қатысушыларға жанкүйерлері қолдау білдіріп, ерекше қошеметке бөледі.
Бірнеше сағатқа созылған байқауда әділ қазылар алқасының шешімімен, жүлделі үшінші орынды – Алға ауылынан келген Ықлас Боранбаев еншіледі. Ал Жамбыл ауылының қатысушысы – Ылайхат Орашшаев жүлделі екінші орынға тұрақтады. Жүлделі бірінші орынды – Ауқаттылық Әділбай Семжанов қанжығасына байлады.
Барша жүлдегерлер мен қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Байқау соңында Біржан Әбдікерімұлы сөз алып, қатысушы өнерпаздарға өзінің лебізін білдіріп, қолдап келген көпшілікке де алғысын жеткізді. Сондай-ақ, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.