Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай еліміздің білім беру мекемелерінде 2-17 қыркүйек аралығында 10-11 сынып оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру мен азаматтық жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталған бірқатар ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды.
2025 жылғы 12 қыркүйекте ауданның 10-11 сынып оқушылары сайлауға қатысты эссе және республикалық сайлау диктантын жазды. Аталған іс-шара аумақтық сайлау комиссия мен Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Қордай ауданының білім бөлімінің «Facebook» парақшаларында жарияланды.
Нәтижесінде 10-11 сынып оқушылары арасынан диктант жазу бойынша үздік деп танылған 6 жеңімпаз және «Үздік эссе» номинациясы бойынша ұйымдастырылған конкурс бойынша 6 жеңімпаз анықталып, 15 қыркүйекте мадақтама қағаздарымен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
2025 жылғы 15 қыркүйекте «Береке» гуманитарлық-техникалық колледжінде аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының қатысуымен қонақ дәрісі өткізілді. Дәріс барысында білімгерлерге Қазақстан Конституциясының маңызы мен сайлау процесінің негізгі қағидаттары түсіндірілді.
Ал, 17 қыркүйекте №14 Ә.Нүсіпбаев атындағы орта мектептің жоғарғы сынып оқушылары «Мектеп президентін сайлау» бойынша іскерлік ойынын өткізді. Іскерлік ойында оқушылар кандидат, сайлаушы, үгітші, сайлау комиссиясының мүшесі ретінде сынап көріп, сайлаудың қалай өтетінін және оның қоғам өміріндегі маңыздылығын іс жүзінде көрді.
Аталған мектеп ұжымымен мен оқушыларына «Алғыс хат» табысталды.
Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жас ұрпақтың құқықтық мәдениетін арттыру, олардың сайлау процесіне белсенді қатысуын ынталандыру мақсатында аудандағы жоғары сынып оқушыларының қатысуымен 7 бейнеролик түсірілді. Бұл бейнероликтер аумақтық сайлау комиссиясының «Facebook» парақшасында және Жастар ресурстық орталығының әр ауылдық округтегі Instagram парақшасында жарияланды.
Ұйымдастырылған іс-шаралардың негізгі мақсаты — жастардың электоралдық мәдениетін арттыру, құқықтық санасын қалыптастыру, жас сайлаушыларды сайлауға және қоғамдық-саяси өмірге белсенді қатысуға тарту.
Қордай аудандық аумақтық сайлау комиссиясы