Қазақстанда 2025 жыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Жұмысшы мамандықтарының жылы деп жарияланғаны белгілі. Осыған орай республика көлемінде еңбек адамының мәртебесін арттыруға бағытталған мазмұнды іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Соның бірі – Жамбыл облысында өткен «Еңбегі жанған арулар» атты облыстық әйелдер форумы.
Іскер әйелдер қауымдастығының бастамасымен өткен бұл форум – кәсіби еңбегімен дараланған, түрлі салада табысқа жеткен әйелдердің басын қосқан маңызды алаң болды. Негізгі мақсат – еңбек етіп жүрген әйелдердің үлесін көрсету, тәжірибе алмасу арқылы жаңа ынтымақтастықтарға жол ашу және қоғамдағы әйел рөлін жаңа қырынан таныту.
Биыл форум «Талбесік» этноорталығында, табиғатпен үндескен ұлттық нақыштағы ортада ұйымдастырылды. Мұндай ерекше формат форумға мазмұндық және рухани тереңдік қоса түсті. Ел ішіндегі еңбек майталмандары мен нәзік жанды кәсіби мамандардың тәжірибесі мен табысы паш етілген бұл жиын – өңірлік деңгейдегі ғана емес, жалпыұлттық маңызы бар оқиғаға айналды.
Форум жұмысы екі негізгі панельдік сессия аясында өрбіді: «Табыстың құпиясы – еңбекте» және «Менің өмірімнің ісі». Бұл сессияларда түрлі салада еңбек етіп жүрген әйелдер сөз алып, өмір жолдарындағы кедергілер мен жетістіктер жайлы ашық пікір алмасты.
Атап айтқанда, облыстық мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының жетекшісі Айман Ашимова бастаған іскер әйелдер қауымы табысқа жетудің жолы ретінде еңбекке деген адалдық пен табандылықты атап өтті. Олардың айтуынша, нағыз кәсібилік – күнделікті еңбек пен жауапкершілік арқылы қалыптасады.
Шараның ашылуында танымал кәсіпкер, қоғам белсендісі әрі меценат Меруерт Лештаева сөз сөйлеп, еңбек адамына көрсетілетін құрметтің – қоғамның дамуындағы маңызын ерекше атап өтті. Сонымен қатар, форум барысында Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Атымтай қатысушыларға құттықтау жолдап, аймақтағы әйелдердің экономикалық белсенділігіне жоғары баға берді.
Оның айтуынша, бүгінде әйелдер ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнес, өндіріс, білім, медицина секілді негізгі салаларда айтарлықтай үлес қосып отыр. Бұл – мемлекеттің тұрақты дамуына қосылған салмақты үлес.
Форум аясында түрлі салада еңбек етіп жүрген әйелдер Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Марапат иелерінің қатарында «QazaqGazAimaq» АҚ Жамбыл өндірістік филиалы Қордай газ шаруашылығының слесарі Ригана Ташкентбаева, «Айша» тігін цехының басшысы Асия Оңгелдиева сынды өз ісінің үздіктері бар.
Бұл марапат – олардың табанды еңбегі мен қоғам алдындағы адал қызметінің нақты бағасы.
Форум аясында сондай-ақ, Қазақстан Іскер Әйелдер Қауымдастығының 30 жылдық мерейтойы сөз болды. Қатысушылар бұл ұйымның отыз жыл бойы еліміздегі әйелдердің әлеуметтік-экономикалық белсенділігін арттыру жолындағы еңбегіне оң баға берді.
Жандос ОМАРОВ