Қордай ауданында әскерге шақыру жүйесіне енгізілген өзгерістерге қатысты жиын өтті. Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында өткен басқосуға аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай төрағалық етіп, шақыру тәртібіндегі жаңашылдықтар мен заңнамадағы толықтырулар бойынша түсіндірме берілді.
Жиын барысында ендігі уақытта азаматтарға әскери шақырту электронды форматта – 1414 нөмірінен SMS-хабарлама түрінде жолданатыны айтылды. Бұл норма жаңа заң аясында күшіне еніп отыр. Егер азаматқа SMS арқылы хабарландыру жеткізу мүмкін болмаса, шақырту қағаз күйінде жұмыс орнына немесе тұрғылықты мекенжайына , болмаса жақын туыстарына табысталуы мүмкін.
— Енді азаматтар әскерге шақырту алғанын пошта тасымалымен емес, тікелей телефонына келген SMS арқылы білетін болады. Бұл — уақыт үнемдеуге, ақпараттың жедел жетуіне және тәртіпті арттыруға бағытталған маңызды қадам, – деді жиын барысында Д.Сүгірбай.
Хабарлама алған азамат онда көрсетілген күні мен уақыты бойынша жергілікті әскери басқару органына келуі тиіс. Алдымен медициналық тексеруден өтеді. Денсаулығы жарамды деп танылса, арнайы шақыру комиссиясының шешімімен мерзімді әскери қызметке алынады. Аталған комиссиялар әкімдіктер жанынан құрылып, заң аясында шешім шығарады.
Тек денсаулығы жарамды, сотталмаған азаматтар шақырылады
Мерзімді әскери қызметке психологиялық және моральдық тұрғыдан орнықты, соттылығы жоқ, денсаулығы жақсы азаматтар ғана шақырылады. Бұл деректер денсаулық сақтау және құқық қорғау органдарының дерек-қорларымен салыстырылады.
Айта кету керек, заңнамада әскери қызметтен босату немесе кейінге шегеру талаптары нақты көрсетілген. Бұл нормалар Қазақстан Республикасының Әскери міндет туралы Заңында жазылған.
Әскерге шақырту алып, белгіленген уақытта әскери басқару органдарына келмеген азаматтар ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 647-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады.
Ал әскерден әдейі жалтарған жағдайда Қылмыстық кодекстің 387-бабына сәйкес, 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу немесе бір жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Биыл республика бойынша 42 мыңнан астам азамат мерзімді әскери қызметке шақырылады. Көктемгі шақыру науқаны өз мәресіне жетсе, күзгі кезең 1 қыркүйектен желтоқсан айының соңына дейін жалғасатын болады.
Жаңа жүйе – әскери тәртіп пен тиімділікті арттыруға бағытталған.
Жандос ОМАРОВ