БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТТЫ ДАМЫТУҒА ЕРЕКШЕ КӨҢІЛ

0

Облыстық Қоғамдық кеңестің комиссия төрағасы Сұлушаш Құрманбекова Қордай ауданына жұмыс сапарымен келіп, дене шынықтыру және спорт саласының даму барысымен танысты. Аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Нұржан Молдабековпен бірге олар бірқатар спорт нысандарын аралап, жаттықтырушылармен және жауапты мамандармен кездесті.

Аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ғалым Алимжановтың айтуынша, қазіргі таңда ауданда жүйелі түрде дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын тұрғындардың үлесі 41,6 пайызды құрап отыр. Әсіресе жастар арасында бұл көрсеткіш айтарлықтай жоғары – 14-18 жас аралығындағы 17036 жасөспірімнің 52,6 пайызы немесе 8965 жас спортпен белсенді айналысады.

Аудандағы жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, салауатты өмір салтын насихаттау бағытында мақсатты жұмыстар атқарылуда. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты үш спорт мектебі Қордай ауданында орналасқан.

Жекелей атап өтер болсақ, 17-ші балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде (жекпе-жек спорт түрлері) спорттың 9 түрінен 62 топта 1132 оқушы жаттығады. 18-ші балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде (ойын спорт түрлері) 12 спорт түрінен 44 топта 688 бала қамтылған. 19-шы ұлттық спорт түрлеріне мамандандырылған спорт мектебінде 7 спорт түрінен 21 топта 276 жасөспірім жаттығады.

Сонымен қатар, аудандық дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты үш балалар мен жасөспірімдер клубы да тұрақты жұмыс істейді. Отар ауылындағы 1-клубта 7 спорт түрінен 12 топта 212 бала, Қаракемер ауылындағы Молдасейіт атындағы 2-клубта 7 спорт түрінен 13 топта 264 бала, Сарыбұлақ ауылындағы 3-клубта 5 спорт түрінен 100-ге жуық бала жаттығуда.

Сондай-ақ, Қарасай ауылындағы бөлімшеде 5 спорт түрінен 180 бала спорт секцияларына қатысуда.

Аудандағы спорт инфрақұрылымын жақсарту бағытында нақты қадамдар жасалуда. Қазіргі уақытта аудандық стадионның күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен қомақты қаржы бөлінген.

Қоғамдық кеңес мүшелері өз тарапынан бірқатар ұсыныстар берді. Атап айтқанда, спорт нысандарының аумақтарын абаттандыру, балалар мен жасөспірімдердің спортпен қамтылу деңгейін арттыру, жаттықтырушылардың біліктілігін жетілдіру сынды мәселелер назарға алынды.

Жұмыс сапары соңында кеңес мүшелері жаттықтырушылармен кездесіп, саладағы өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Қордай ауданында бұқаралық спортты дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатынына сенім білдіреміз.

 

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.