Қоғамдық мониторингтің бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес, 25 қыркүйек күні Қордай аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Нұржан Молдабеков және кеңес мүшелері Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасына қарасты Сортөбе ауылдық ауруханасына қоғамдық бақылау жүргізді.
Мониторинг барысында аурухана басшысы Танзила Апаева кеңес мүшелеріне жаңа медициналық мекеменің мүмкіндіктері мен мемлекеттік қызмет көрсетуге дайындығы туралы жан-жақты ақпарат берді. Оның айтуынша, аурухана іске қосылған сәттен бастап тұрғындарға сапалы, қолжетімді және толыққанды медициналық қызмет көрсетуге барлық жағдай жасалған.
Сортөбе ауылындағы жаңа аурухана қазіргі заман талабына сай салынған. Ғимаратта дәрігерлер мен орта буын медициналық қызметкерлерге арналған кең және жарық бөлмелер, емдеу-диагностикалық кабинеттер заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Құралдардың басым бөлігі шет мемлекеттерден әкелінген, олар заманауи диагностика мен емдеу әдістерін қолдануға мүмкіндік береді.
Мекемені сапалы кадрлармен қамту да назардан тыс қалмаған. Бүгінде дәрігерлер мен медбикелер штаттық кестеге сай қабылданып, қажетті дайындықтан өткізілуде. Бұл – ауыл тұрғындарының алғашқы медициналық көмекті өз елді мекенінен алуға мүмкіндік алатынын білдіреді.
Қоғамдық кеңес мүшелері мекеменің жағдайына оң баға беріп, құрылыс сапасы, құрал-жабдықтардың жарақтандырылуы мен ішкі инфрақұрылымның стандартқа сәйкестігін атап өтті. Мониторинг қорытындысы бойынша кеңес мүшелері денсаулық сақтау басқармасына және тиісті органдарға аурухананың лицензиясын жедел рәсімдеуді және медициналық мекемені тез арада ашып, тұрғындарға қызмет көрсетуге кірісуді ұсынды.
Жандос ОМАРОВ