Әр бала үшін өмірде әкенің рөлі ерекше екені даусыз, әрине. Жуырда №1 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда «Бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі» атты жалпы әкелер жиналысы өтті. Шараға мектеп ұстаздары, оқушылар және 140 әке қатысты.
Шара барысында сөз сөйлеген мектеп директоры Назира Танабекова әкелердің қоғамдағы, отбасындағы рөлінің зор екендігін, отбасы тәрбиесіндегі аталар мен әкелер жолының ерекше екенін айтып өтті, мектептегі тәрбие мәселелері мен мектеп өміріне де ат салысуға шақырды. Қоғамда бала тәрбиесіне Адал азамат өсіруде әкенің рөлі ерекше.
Жиналыста сөз алған бірқатар ардақты әкелер өз сөздерінде патриоттық сезімді дарытып, адамгершілік құндылықтарды қалыптастырудағы әке рөлін көтеру мәселелеріне қоғам назарын аудару қажет деп есептейді. Осы орайда, кеңесте белсенді әкелердің басы қосылып, алдыңғы буынның оңды тәрбиесін, ата-аналар қауымдастығының жұмысын жетілдірудегі өзекті сұрақтарды талқылау сынды бірқатар мәселелерге тоқталды.
Қазақ халқы «Әке – асқар тау, биік шың», деп бекер айтпаса керек. Осы күнгі жиналыс барысында осы қағидат аясында көптеген келелі ой айтылды. Жиналысқа жиылған әкелер шараға белсене қатысып жақсы әсермен тарқасты.