Аудан әкімінің орынбасары Бақыт Сахатовтың төрағалығымен жылыту маусымына дайындық барысына арналған штаб отырысы өтті. Жиынға аудандық бөлімдер мен мекемелердің басшылары қатысты.
Алдымен аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ануар Абсеитов баяндама жасап, әлеуметтік нысандардың жылу маусымына әзірлігі жөнінде мәлімет берді. Оның айтуынша, биыл аудан бойынша нысандарды аралап, зерделеу жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ, аудан орталығы мен ауылдық округтерде анықталған кемшіліктер аталып өтіліп, оларды жою бойынша нақты ұсыныстар берілді.
Бұдан бөлек жиында аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Салтанат Балпукова, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ғалым Алимжанов, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы кәсіпорнының басшысы Қуаныш Байжігітов, «Қордай Су» КМК басшысы Елдос Инкарбеков, Қордай газ шаруашылығының, Қордай АЭЖ және «Красногор» АЭЖ өкілдері, аудандық орталық аурухана мен білім бөлімінің қызметкерлері, сондай-ақ төтенше жағдайлар бөлімінің өкілі баяндама жасады.
Жиын барысында аудан бойынша әлеуметтік нысандарды қысқа дайындау ісіне қатысты бірқатар мәселелер талқыланып, олардың шешу жолдары қарастырылды.
Штаб отырысын қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Бақыт Оңласынұлы жауапты сала жетекшілеріне анықталған кемшіліктерді уақытылы жойып, жылыту маусымына толық дайындықты қамтамасыз етуді тапсырды.
Фариза ҚОРАБАЙ