ЕҢ ҮЗДІК АУЫЛДЫҚ КІТАПХАНА АНЫҚТАЛАДЫ

0

Шоқан Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен, Қордай аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарасты Отар ауылдық кітапханасында «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында «Кітап – рухани байлық, жан азығы» атты кітаптар шеруі өтті. Бұл шараның басты мақсаты – жас ұрпақтың бойына кітап оқуға деген құштарлықты арттыру, кітапхана мәдениетін насихаттау және рухани құндылықтарды дәріптеу.

 

Кештің шымылдығы ұлттық нақыштағы «Қазақ» биімен ашылып, қатысушыларға бейнеэкраннан көрсетілген кітап тарихына саяхат бейнеролигі ерекше әсерге бөледі. Жас өнерпаздар кітаптың адам өміріндегі алатын орны туралы өлеңдер оқып, «Кітап – досың», «Кел, досым, кітапханаға» әндерін орындады. Шара барысында сахналық қойылымдар көрермен назарына ұсынылды. «Кітапхана – руханият мекені» атты көріністе кітаптың жастарға білім мен тәрбие берудегі маңызы ашып көрсетілсе, «Телефон мен Кітап айтысында» заманауи ақпарат құралдарының мүмкіндіктері мен шынайы білімнің қайнар көзі – кітаптың құндылығы салыстырмалы түрде көрініс тапты.

Сондай-ақ кітаптар шеруінде ұлы тұлғаларға арналған арнау-монологтар тыңдалды. «Абайға арнау», «Бауыржан – Болмыс», «Жүрегімнің үні – Жұмекен», «Тұманбай ата – жүрек жыршысы» секілді толғанысты сөздер көрермен жүрегіне жетіп, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің ұлылығын паш етті.

Іс-шара соңында ұйымдастырушылар «Кітап – қазына, кітапхана – алтын көмбе. Кітап оқыған ұрпақ – елдің келешегі!» деген ұранмен оқырмандарды кітапханаға жиі келуге шақырды.

Бұл мазмұнды шара облыс көлемінде жарияланған «Ең үздік ауылдық кітапхана» байқауы аясында ұйымдастырылып, «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасына ерекше серпін берді.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.