КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАР АРАСЫНДАҒЫ ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ

0

Қордай ауданында аудан прокуратурасының аға прокуроры Сансызбай Сапарбекұлы мен аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбайдың қатысуымен Қордай ауданы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кеңейтілген отырысы өтті.

 

Отырыстың негізгі тақырыбы – «Заң және тәртіп» қағидаты: мектеп оқушылары арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу тиімділігі болды.

Жиында Қордай аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, комиссия төрағасының орынбасары Олжас Мамыт және аудандық білім бөлімінің басшысы Санат Аширбеков баяндамалар жасап, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың, буллингтің алдын алу, сондай-ақ олардың қараусыз және панасыз қалуының профилактикасы бойынша атқарылып жатқан шаралар туралы ақпарат берді.

Баяндамашылар балалардың құқықтарын қорғау, білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысының тиімділігін арттыру, ата-аналар мен педагогтардың жауапкершілігін күшейту мәселелеріне де ерекше тоқталды.

Кеңейтілген отырыс барысында қатысушылар тарапынан бірқатар нақты ұсыныстар мен пікірлер айтылды. Атап айтқанда, мектептер мен колледждерде оқушылармен жүйелі түрде құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу, психологиялық қызметтің тиімділігін арттыру, жасөспірімдердің бос уақытын пайдалы өткізуін қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар талқыланды.

Отырыстың жұмысына комиссия мүшелерімен қатар аудан мектептері мен колледждерінің директорлары, директорлардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, педагог-психологтар, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік инспекторлар қатысты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.