Қазір кәсіпкерлік – тек табыс көзі емес, адамның жан дүниесін толтырып, сүйікті ісін шығармашылықпен жүзеге асыруы. Мұндай мамандықтың бірі – кондитерлік өнер. Бұл жұмыс тек шеберлік пен дағдыны емес, жүректің ерекше ықыласын талап етеді. Міне, осындай талғам мен талпынысты қатар алып жүргендердің бірі – Қордай ауданы, Степное ауылының түлегі, жас кәсіпкер Құндыз Кенжебайқызы Әлекеева.
Құндыздың торттары мен тәттілерін бір көрген жан таңдай қағары анық. Ол үшін тәтті пісіру – жай ғана кәсіп емес, өзіндік өнері, шығармашылық әлемі. Қарапайым дөңгелек торттардан бөлек, оның қолынан шыққан туындылар ерекше форма мен идеяға ие. Бұл торттар көбіне тәтті қолөнердің нағыз шеберлік үлгісі ретінде қабылданып, туған күн, үйлену тойлары, мерекелік кештер үшін таптырмас сыйға айналған.
1997 жылы Степное ауылында дүниеге келген Құндыз Кенжебайқызы
бала күннен еңбекке бейім, ізденімпаз болды. Ол «Қордай» Гуманитарлы-экономикалық колледжін «Информатика» мамандығы бойынша аяқтап, кейін Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде информатика пәнінің мұғалімі атанды. Қазіргі таңда ауылдағы жеке мектепте «іс жүргізуші» болып қызмет етеді. Десе де, негізгі жұмысы емес, бос уақытында айналысатын ісі – тәтті пісіру.
Алғашқы қадамдары үй асханасынан басталған. Ваниль мен шоколад хош иісі үйге ерекше жылылық пен шабыт әкелді. Оның торттары әрдайым ерекше болды: оның қиялы шексіз, кез келген идеяны шеберлікпен жүзеге асырады. Бірде басқару пультіндегі көлікке ұқсайтын, бірде алып хансарайға айналатын торттар жасаған. Мұндай туындылар көрген адамды ғана емес, дәм татқан жанды да ерекше сезімге бөлейді.
Әрине шеберлік жолы оңай болмады. 8 жыл ішінде ол үнемі дамуға тырысты, жаңа технологияларды меңгерді, Алматы мен Астана қалаларындағы кәсіби курстарға қатысып, өз деңгейін арттырды. Оның қолындағы сертификаттар – оның кәсіби құзыреттілігінің дәлелі.
Қазір кейіпкеріміздің өміріндегі маңызды тірек – отбасындағы мейірімділік пен сенім. Жұбайы Парахат – мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімі, ол барлық бастамаларын қолдап, туған-туыстарының арасында ең сенімді тірек. Үш баланың анасы бола тұра, Құндыз Әлекеева жұмысы мен шығармашылығын қатар алып жүреді.
Жас кәсіпкердің жоспарлары да ауқымды. Ол өндірісін кеңейтіп, жаңа жабдықтар алуды, ауылдағы басқа да қыз-келіншектерге тәтті өнерді үйрететін шеберхана ашуды армандайды. Мемлекеттік қолдауға үміттенеді.
«Тәтті пісіру – менің жан дүнием. Бұл – менің қуанышым, шабытым. Адам сүйікті ісімен айналысқанда, шаршау деген болмайды», – дейді Құндыз.
Оның жетістігі – еңбек пен табандылықтың, шеберлік пен шынайы махаббаттың жемісі. Құндыз – нағыз кәсіби шебер, ауылдан шыққан таланттың жарқын үлгісі. Оның тәтті туындылары елдің әр бұрышына қуаныш пен ерекше әсер сыйлап келеді.
Мадина Узбекова