«Шебердің қолы алтын», – дейді атам қазақ. Сөзге де, іске де шебер халқымыздың мәдениетін паш ететін асыл құндылықтарының бірі – қолөнер. Қазақ елі ежелден он саусағынан өнер тамған ісмер жандарға кенде болмаған. Жалпы, тігін өнеркәсібі – әлем экономикасында салмағы зор, маңызы жоғары сала. Соңғы жылдары қазақстандықтар арасында қазақы нақыштағы бұйымдарды пайдалану сәнге айналып келеді. Халықтың ұлттық дәстүрге бет бұрып, ұмыт бола бастаған қолөнерді қайта жаңғыртуы – қуантарлық жайт.
Жамбыл ауылының тұрғыны Сайора Мамаева өткен жылы осындай мүмкіндікті тиімді пайдаланып, шағын тігін цехын ашқан еді. Бүгінде оның кәсібі кеңейіп, тапсырыс берушілер қатары артып келеді. Ауылдың тыныс-тіршілігін жандандырып, тұрғындарға жаңа мүмкіндік сыйлап жүрген кәсіпкерлердің бірі де – осы Сайора Әбдіғалиқызы.
1981 жылы Өзбекстанның Нөкіс қаласында дүниеге келген ол, 2011 жылы отбасымен бірге Жамбыл ауылына қоныс аударып, жаңа өмір бастайды. Жолдасы Тәжібай Құтлымұратовпен бірге бес бала тәрбиелеп отырған Сайора алғашында ауыл шаруашылығына араласып, егін егумен айналысты. Кейін ауданның тазалығын қамтамасыз етіп, ол жұмысты абыроймен атқарды. Алайда оның кәсіпкерлікке деген ынтасы мұнымен шектелмеді. Екі жыл бұрын азық-түлік дүкенін ашып, ауыл тұрғындарын сапалы әрі жаңа өнімдермен қамтып отыр. Бұл ісі ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына да елеулі үлес қосты.
Ал бір жыл бұрын Сайораның кәсіпкерлік жолында жаңа белес басталды – ол тігін өнеріне бет бұрды. Құрақ көрпе тігуден бастаған ісі бүгінде ауыл ішінде ғана емес, көрші елді мекендерде де үлкен сұранысқа ие. Тапсырыстардың артуы – оның шеберлігі мен іскерлігінің айқын дәлелі.
«Қолөнерге бала кезімнен бейім едім. Кішкентайымда қуыршақтарға киім тігіп, өсе келе сурет салуға, кестелеуге, тоқуға әуестендім. Қазір құрақ құрауға ерекше қызығушылығым бар. Бұл – әрі кәсіп, әрі жанға жақын хобби. Құрақ көрпе, ши құрақ, оюлы көрпелер мен қыз жасауын тігемін. Құрақ тігуді меңгеру қиын емес, бастысы – симметриялық дәлдік пен түстер үйлесімін сезіне білу. Осы қызығушылық біртіндеп кәсібіме айналды. Бір жылдан астам уақытта жүзге жуық көрпе-көпшік тігіппін», – дейді шебер.
Мемлекеттік «Ауыл аманаты» бағдарламасы тұрғындарды жеңілдетілген несие арқылы қолдауға бағытталған. Биыл тамыз айында Сайора осы бағдарлама аясында «Тігіншілік» ісін дамыту үшін жылдық 2,5 пайыздық мөлшерлемемен 5 миллион теңге несие алды. Бұл қаржыға ол заманауи тігін машинасы, оверлог, мата, жіп және басқа да қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, өз үйінде шағын цех ұйымдастырды. Несиенің алғашқы төлемі жарты жылдан кейін басталатыны кәсіпкерге бизнес жоспарын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
«Құдайға шүкір, мемлекет пен отбасымның қолдауының арқасында ісім өрге домалап келеді. Өз кәсібін ашуға немесе ауыл шаруашылығын дамытуға ниетті жастарға айтарым – қорықпаңыздар! Батыл қадам жасап, әрекет етіңіздер, сонда ғана жетістікке жетесіздер», – дейді ісмер Сайора.
Сайора Әбдіғалиқызының табысты кәсіпкер ретіндегі жетістіктері ғана емес, отбасының үлгілі өмірі де көпке өнеге. Оның тұңғыш қызы Бақыт бүгінде бүкіл елге танымал блогер. TikTok желісінде «Ауылдың қызы» лақап атымен белгілі ол 80 мыңнан астам жазылушысы бар танымал тұлғаға айналған. Миллиондаған қаралым жинаған видеолары ауыл өмірін насихаттап, жастарға шабыт беріп жүр.
Сайора Мамаева – кәсіпкерлік рухтың, отбасылық құндылықтардың және ұлттық өнерді дәріптеудің жарқын үлгісі. Оның еңбекқорлығы мен іскерлігі Жамбыл ауылының болашағына деген сенімді арттырып, жастарға өнеге болуда. Бүгінде ұлттық нақыштағы көрпелерді мақтанышпен тігетін, дәстүр мен өнерді ұштастыра білген қазақ қыздарының көбеюі – қуанышты құбылыс.
Мадина УЗБЕКОВА