Осыған байланысты, аудан әкімдігінің мәжіліс залында жиын өткізілді.
Жиынға облыстық Түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының басшысы Ерлан Нурмаханбетов, жанама салықтарды әкімшілендіру басқармасының бас маманы Нурбек Инкарбеков, камералдық мониторинг басқармасының бөлім басшысы Жандос Лахаев, Қордай ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Ғабит Саяқов және аудандық бөлім, мекеме өкілдері қатысты.
Басқарма басшысы Ерлан Мирамбекұлының айтуынша, келер жылдан бастап, корпоративтік табыс салығы 20% деңгейінде сақталады, бірақ дифференцияланған тәртіппен қолданылады.
Қосылған құн салығы 16%-ға дейін көтеріледі. Дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерге төмендетілген мөлшерлеме белгіленеді:
2026 жылы – 5%, 2027 жылы – 10%.
Ал тегін медицина, әлеуметтік сақтандыру, кітап басып шығару және археологиялық жұмыстар ҚҚС-тан босатылады.
Сондай-ақ дивидендтерге де прогрессивті салық шкаласы енгізіледі. Бұл ретте зейнетақы төлемдеріне берілетін салықтық жеңілдіктер сақталады. Егер жылжымайтын мүліктің жалпы құны 450 млн теңгеден асса, мүлік салығы өседі.
Цифрландыру және әкімшілендіруді жеңілдету аясында:
салық есептілігінің нысандары 30%-ға қысқарады,
декларацияларды алдын ала толтыру жүйесі енгізіледі.
ҚҚС-ты қайтару тәртібі жеңілдетіледі, салық органдары қызмет көрсету моделіне көшеді.
Сондай-ақ салықтық берешекті өндіріп алу ережелері өзгереді:
Қолданылатын шаралар берешек сомасына қарай кезең-кезеңімен жүргізіледі.
Бизнес үшін мүлік кепілі мен банк кепілдігінсіз төлемді кейінге қалдыру және бөліп төлеу мүмкіндігі қарастырылған.
Шара барысында қатысушылар Салық кодексінің жаңа нормаларын тәжірибеде қолдану, жаңа мөлшерлемелер бойынша салықты есептеу және басқа да мәселелерге қатысты сұрақтар қойды. Спикерлер барлық сұраққа жауап беріп, кодекске енгізілген өзгерістердің маңыздылығын түсіндірді.