Қордай ауылындағы орталық саябақ жыл өткен сайын көркейіп, ауыл тұрғындарының серуендеуіне өте қолайлы орынға айналып келеді. Ондағы көптеген ойын алаңдары кішкентайлардың асыр салып ойнауына жасалған тамаша жағдай.
Дегенмен, «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дегендей, кейбір олқылықтар бұл көрікті орынның сәнін кетіріп тұрғанын айтпай кетуге болмайды.
Бірер жыл бұрын күрделі жөндеуден өткен саябақта сахнадан бастап, орындықтарға дейін жаңартылып, заманауи кейіпке енген болатын. Қазір онда түрлі фестивальдер мен концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып келеді. Алайда, соңғы уақытта көңілге қаяу түсірер жағдайлар да байқалып отыр.
Мәселен, саябақта бой көтерген сахнаның едені белгісіз себеппен төмен түсіп кеткен. Ол жерде өнер көрсететіндер адамдар, пілдер емес қой. Еден ағаштан емес, плитадан жасалғанына қарамастан, төмен түсіп кетуі – құрылыс сапасына күмән тудырады. Сонымен қатар, сахнаға шығуға арналған шағын баспалдақтың жанындағы декоративтік безендірулер сыммен әрең тартылып тұр. Бұл да эстетикалық тұрғыдан олқылықтың белгісі.
Сахнадан әріректе орналасқан су жаңа скейтборд алаңшасы да сын көтермей тұр. Атауы айтып тұрғандай, ол жерде жастар сырғанайды, секіреді, түрлі қимылдар жасайды, яғни алаңшаға едәуір салмақ түседі. Соның салдарынан кейбір бөліктері сынып, қирап қалған.
Жалпы, саябақтағы кейбір орындардың тазалығы да сын көтермейді. Әсіресе сахна артындағы ойын алаңы маңында жаз бойы жеке кәсіпкерлер балаларды ақыға ойнатып келген жер бүгінде қоқысқа толып, күтімсіз қалған.
Мұндай келеңсіз жайттарға жауапты мамандар назар аударып, тиісті шара қолданады деген үміттеміз. Ең бастысы – сапалы қалпына келтіру жұмыстары жүргізілсе екен деген тілек.
Жандос Омаров