«ЛУДОМАНИЯ – ҒАСЫР ДЕРТІ»

0

Қордай ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен Қордай ауданы білім бөлімінің бірлесіп ұйымдастыруымен оқушылар арасында «Лудомания – ғасыр дерті» тақырыбында пікірсайыс турнирі өткізілді.

 

Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың бойында сыни тұрғыдан ойлау қабілетін қалыптастыру, өз көзқарасын еркін әрі дәлелді түрде білдіру дағдысын дамыту, сондай-ақ қоғамда кең таралған құмар ойындарға тәуелділік (лудомания) мәселесінің зиянды әсерін түсіндіру және оның алдын алу болып табылады.

Пікірсайыс барысында қатысушылар лудоманияның адам психологиясына, отбасы ынтымағына және әлеуметтік өмірге тигізетін теріс ықпалы жайында ой қозғап, түрлі дәлелдер мен дәйектер арқылы пікір алмасты. Турнир барысында жастар саналы өмір салтының маңыздылығын атап өтіп, уақытты тиімді пайдалануға және рухани құндылықтарды жоғары қоюға шақырды.

Нәтижесінде  1 орынға – №27 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің «Гучи флип-флап» тобы ие болды,  2 орынды – №43 Б.Момышұлы атындағы орта мектептің «Парасатты НЛО» мен Қ.Рысқұлбеков атындағы орта мектептің «Ақиқат» тобы өзара бөліссе,  3 орынға – №51 А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектептің «Күншуақ» тобы мен  Т.Бигелдинов атындағы орта мектептің «Жалын» тобы лайық деп танылды.

Шара соңында жеңімпаз командалар мен белсенді қатысушыларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.

Осындай мазмұнды іс-шаралар жас ұрпақтың қоғамдағы өзекті мәселелерге деген азаматтық көзқарасын қалыптастырып, жауапкершілік пен сана-сезімін арттыруға зор ықпал етеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.