Бүгін аудан әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бақаев арнайы техникалардың қысқы маусымға әзірлігін пысықтау мақсатында «QAJ сервис ДЭУ-34» ЖШС-нің техникалық базасына барды.
Қазіргі таңда серіктестіктің теңгеріміндегі арнайы техникалар алдағы қысқы кезеңдегі жұмыстарға толық дайын. Бұл мақсатта қажетті дайындық шаралары жүргізілген. Мекеме базасында 1827 тонна тұз және 9600 тонна құм қоры жинақталған.
Мекеме басшысы Шыңғыс Абдуакиловтың айтуынша, бүгінде кәсіпорын балансында 33 дана техника бар, оның 30-ы – арнайы техника. «QAJ сервис ДЭУ-34» ЖШС-нің басты міндеті – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жолдардың сапасын арттыру. Қыс айларында жолдардың тазалығы мен қауіпсіздігін сақтау бағытында жүйелі жұмыс ұйымдастырылады.
Жұлдызбек Төленұлы мекемедегі қар тазалау және жаяу жүргіншілер жолдарын күтіп-ұстауға арналған техникалардың дайындығымен танысты. Сонымен қатар, ол серіктестік басшылығына құм мен тұз қоспасының сапасын бақылауды, қар тазалау және тасымалдау жұмыстарын бекітілген кестеге сәйкес жүргізуді тапсырды.
Аудан әкімінің орынбасары ең басты міндет – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қар жауған сәттерде көшелер мен жаяу жүргіншілер жолдарын уақтылы тазалау екенін атап өтті.