Жарайсың, Никита!

0

Жақында Никита Типикин есімді жерлесіміз балалар мен жасөспірімдер арасында Елордада өткен халықаралық «Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауына қатысып, бас жүлдені еншілеп қайтты. Жүзден жүйрік атанып, өзгелерді өнерімен тамсандырған жас өрен Ноғайбай ауылдық Рза Қунақова атындағы орта мектептің оқушысы.

Айта кетсек, халықаралық байқауға Қазақстан, Әзірбайжан, Бахрейн, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан, Филипинн сынды көптеген мемлекеттерден 800-ден астам 10-18 жас аралығындағы балалардың өнер туындылары ұсынылды. Қазылар алқасының шешімімен қатысушылардың жас ерекшеліктеріне байланысты 1, 2, 3 орын және бас жүлде иегері анықталып, жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 28 маусым күні Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасының кітапханасында өтті. Байқаудың жүлдегерлері мен жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне Нұрсұлтан Назарбаев Қорының атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлы, балалар көркемөнер мектебі-Нұр-Сұлтан қаласының ЮНЕСКО клубының директоры Гүлзия Исенова, халықаралық педагог-суретшілер одағының мүшесі Динара Нугер қатысты.

Аталмыш байқауда жеңіске жеткен жерлесіміз Никита Типикин өзге қатысушылардың суреттерін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасының кітапханасындағы көрмеден тамашалауға болады.

Осы орайда ауқымды іс-шараның Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасының кітапханасы, Нұр-Сұлтан қаласының білім беру басқармасы, балалар көркемөнер мектебі-Нұр-Сұлтан қаласының ЮНЕСКО клубы және Нұрсұлтан Назарбаев қорының қолдауымен ұйымдастырылғанын айта кеткен жөн.

Естеріңізге сала кетсек, Елбасы кітапханасы 15 жылдан астам уақыт бойы балалар шығармашылығын қолдау, оның ішінде жас дарындарды анықтау және қосымша білім беру мекемелерінің жұмысын дәріптеу бағытында жүйелі жұмыс атқарып келеді.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.