Ұлы Отан соғысы жылдарында елін, жерін қорғаған әрбір жауынгердің өмір жолы — ерлік пен елге адал қызмет етудің жарқын үлгісі. Сондай ержүрек батырлардың бірі — туған жерінің абыройын асқақтатқан, өмірін еңбекпен өрген Мансұрбек Беркінов.
М.Беркінов 1905 жылы Отар стансасында дүниеге келген. Әкесі Беркін теміржолда қызмет атқарған, ал анасы Жәмила отбасын бағып, үй шаруасымен айналысқан. Бала күнінен еңбекке бейім болып өскен Мансұрбек Отар стансасындағы мектепте 8 сынып аяқтаған соң, Алматы қаласына қоныс аударып, паровоз жүргізушісі болып еңбек жолын бастайды. 1941 жылы Алматы қаласынан майданға аттанады. Ешқандай дайындықсыз бірден Суворов пен Кутузов дивизиясының 18-ші Знаменск-Будапешт Қызыл Ту орденді танк дивизиясы, барлау ротасына түседі. Танк құрамында жүріп Воронеж, Сталинград, Донбасс, Курск доғасы, Белгород, Харьков, Кировоград, Знаменка, Корсунь-Шевченковская операциясы және Умань қаласын азат ету шайқастарына қатысады. Ерлігі мен әскери шеберлігінің арқасында Прибалтика, Кишинев, Яссы, Бухарест, Будапешт, Вена қалаларын азат ету жолында ерекше көзге түседі. 1945 жылы Кеңес Одағының Жоғарғы Бас қолбасшысы И.В.Сталин дивизия құрамындағы 19 жауынгерге алғыс жариялайды. Сол тізімнің қатарында жауынгерлік борышын адал атқарған барлаушы Мансұрбек Беркінов те болған. Алғыс хатты 18-ші танк дивизиясының командирі, Кеңес Одағының батыры, генерал-лейтенант П.Д.Говоруненко өз қолымен табыстаған екен.
Соғыстағы ерлігі мен батырлығы үшін Мансұрбек Беркінов III дәрежелі «Даңқ» орденімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін», «1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалдарымен марапатталған.
Соғыстан кейін бейбіт өмірге оралған Мансұрбек Беркінов туған жерінің өркендеуіне үлес қосты. Отар стансасында паровоз жүргізушісі, кейін маневр бригадасының жасаушысы болып еңбек етті. Теміржол саласында ұзақ жыл қызмет етіп, еңбекқорлығы мен адалдығы үшін ел құрметіне бөленіп, зейнет демалысына шықты. Мансұрбек Беркінов 1984 жылы өмірден өтті.
Жұбайы Қантбаламен бірге екі ұл тәрбиелеп өсірген. Өкінішке орай, 1948 жылы туған тұңғышы ерте дүние салған. Ал кенже ұлы 1959 жылы туған, бүгінде әкесінің соғыс жылдарындағы марапаттары мен алғыс хатын көзінің қарашығындай сақтап келеді.
Мансұрбек Беркіновтың жауынгерлік және еңбек жолы — туған ел тарихындағы мәңгілік мақтаныш. Оның есімі мен ерлік рухы келешек ұрпаққа өнеге болып қала береді.