Ұлы Отан соғысының отты жылдарында елін, жерін қорғауға аттанған әрбір жауынгердің тағдыры — ұрпаққа өнеге. Майдангерлердің бірі — жауынгерлік жолы мен азаматтық бейнесі ел есінде сақталған Базарбек Сыдықұлы Барменбаев.
Базарбек Сыдықұлы 1920 жылы 14 маусымда Отар стансасында дүниеге келген. Ата-анасынан ерте айырылған ол балалық шағын Алматы қаласындағы интернатта өткізіп, сонда білім алады. 1939 жылы Алматы қаласы Ленин ауданының әскери комиссариатынан Орехово-Зуевский қаласына мерзімді әскери қызметке шақырылады. Ал 1941 жылдың 30 желтоқсанында Мәскеу облысы, Раменский қаласының әскери комиссариатынан майданға аттанып, сержант шенімен Ұлы Отан соғысына қатысады. 1941–1943 жылдары 873-ші жойғыш танкке қарсы артиллериялық полкінің, 57-ші зениттік әскери бөлімінің құрамында артиллерист ретінде Украина майданында шайқасады. 1942 жылдың желтоқсанында Украина жерінде болған ауыр шабуыл кезінде жанында мина жарылып, топырақ астында қалып қояды. Оны қаруластары мен медбикелер құтқарып, госпитальге жеткізеді. Басынан қатты жарақат (контузия) алып, қолына минаның жарықшақтары енсе де, емделіп шыққан соң Базарбек Сыдықұлы майдан даласына қайта оралады. Кейін Донецк қаласында 246-полк, 36-дивизия Ішкі Істер Халық Комиссариаты (НКВД) құрамында Украинаны сатқындардан азат ету ісіне қатысып, елі үшін жан аямай қызмет етті. 1945 жылдың 9 мамырында Ұлы Жеңісті қарсы алып, туған жері Отар ауылына аман-есен оралады.
Ерлік пен батырлық жолында көрсеткен қайсарлығы үшін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Бұл марапат оған 1943 жылдың 22 қарашасында 873-ші жойғыш танкке қарсы артиллериялық полкі тарапынан берілген алғыс хатта: «1943 жылғы 8 қыркүйектен 20 қараша аралығында болған жауынгерлік іс-қимылдар кезінде есеп құрамында болып, жаудың 2 зеңбірегін, 3 пулеметін және 60-қа жуық жауынгері мен офицерін жойғаны үшін» делінген.
Сонымен қатар ол «1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін», «1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Георгий Жуков», «Еңбек ардагері» медальдарымен және І дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған. Сондай-ақ Жеңістің 20, 30, 50 жылдық мерейтойлық медальдарымен, «1979 жылғы Социалистік жарыстың жеңімпазы» белгісімен марапатталған.
Соғыстан кейінгі бейбіт өмірінде теміржол саласында табанды еңбек етіп, ұзақ жылдар бойы жолшы (путеец) болып қызмет атқарды. Еңбекқорлығы мен жауапкершілігі үшін әріптестерінің құрметіне бөленіп, зейнеткерлікке шыққан.
Базарбек Сыдықұлы 1998 жылы 78 жасында өмірден өтті. Артында өмірін жалғаған екі ұл мен үш қыз, сондай-ақ сүйікті немере-шөберелері қалды. Барменбаев Базарбек Сыдықұлының жауынгерлік ерлігі мен еңбектегі табандылығы туған жерінің тарихында мәңгілік сақталатын өнеге, ұрпаққа үлгі болып қала береді.