Еліміз бойынша қант қызылшасын жинау жұмыстары соңына таяп келеді. Бұл науқаннан ауданымыздың шаруалары да қалыс қалмай, биылғы еңбек маусымын табысты аяқтап отыр.
Биыл аудан бойынша 60 гектар жерге егілген «тәтті түбірдің» шығымы көңіл қуантады. «Азиз» шаруа қожалығы қант қызылшасын жинау науқанын нәтижелі аяқтап, әр гектардан 850 центнерден өнім алды. Жалпы 600 тонна қант қызылшасын Меркі қант зауытына өткізу жоспарланып отыр.
Облыс көлемінде биыл 220 шаруашылық жалпы 6,5 мың гектар жерге қант қызылшасын еккен. Қазіргі таңда 117 гектар алқаптан 6,5 мың тонна өнім жиналып, орташа өнімділік гектарына 560 центнерді құрап отыр. Оның ішінде 2 мың тоннасы қант зауытына өткізіліп үлгерді. Жалпы облыс бойынша 300 мың тоннаға жуық қант қызылшасын жинау күтілуде.
Жақында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев іссапар барысында Меркі қант зауытына барып, өнімді қабылдау және өңдеу барысымен танысты. Сондай-ақ, қант құрамын бақылайтын зертхананың, кагат алаңының жұмысын тексеріп, диқандармен пікір алмасты.
Зауыт басшылығы кептеліс тудырмау мақсатында әр ауданға шекті лимит белгілеп, қабылдау жұмыстарын талон жүйесі арқылы ұйымдастырған. Шаруалардың айтуынша, өнім өткізу кезінде ешқандай кедергі туындап жатқан жоқ.
Айта кетейік, биыл облыс бойынша 5,3 мың гектар алқаптан таза салмақта 250 мың тонна қант қызылшасын алу жоспарланған. 2025 жылдың 10 қазанынан бастап Меркі қант зауыты өнім қабылдауды бастаған болатын. Бүгінгі таңда 2,3 мың гектардан 122,6 мың тонна өнім жиналып, оның 101,1 мың тоннасы зауытқа өткізілді.
Зауыт тәулігіне 5 мың тонна қант қызылшасын қабылдап, күніне 2,5 мың тоннадан астам өнім өңдеп жатыр.
Шаруаларға қант қызылшасының әр келісіне 38 теңгеден субсидия төленеді. Оның 25 теңгесі – мемлекеттен, ал 13 теңгесі – зауыт есебінен бөлінуде.
Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен қаржы институттарына көктемгі егіс жұмыстарын уақытында бастау жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Осы тапсырманы орындау мақсатында ауыл шаруашылығын қолдау шаралары жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
Соның бірі – «Кең дала 2026» бағдарламасы. Аталған бағдарлама аясында өтінім қабылдау 2025 жылғы 1 қазаннан басталады. Басты мақсат – ауыл шаруашылығы өндірушілерін алдын ала қаржыландыру арқылы жаңа маусымға дайындықты күшейту. Бағдарлама аясында шаруалар жанар-жағармайды тиімді бағамен алуына, тыңайтқыш пен тұқым қорын жасақтауына, техниканы жөндеуден өткізуіне мүмкіндік алады.
Ерте қаржыландыру тетігі 2024 жылдың қараша айының соңында іске қосылып, шаруалар арасында жоғары сұранысқа ие болды.
Бағдарлама бойынша жылдық 5 пайыздық жеңілдетілген несие ұсынылады. Сонымен қатар, кепіл мүлік мәселесін шешудің тиімді жолдары қарастырылған: қажет болған жағдайда, қарыз сомасының 85 пайызына дейін «Даму» қорының кепілдігі беріледі. Қаржыландыру «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ мен серіктес қаржы институттары арқылы жүзеге асырылады.