Халқымыздың рухани және мәдени әлемі ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлері мен өнерінен көрініс табады. Ерте заманнан бері әуезді үнмен әуелей шырқалған әсем әуендері бүгінгі таңда бағасыз қазынаға айналды.
Соңғы уақытта, ауданымызда осы рухани әлемді дамытуға арналған шаралар белсенді түрде жүргізілуде. Осы ретте, Қордай ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің ғимаратында аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай «Атамекен» ардагерлер ұжымымен басқосу өткізді.
Кездесу барысында өнерпаздарымыздың мәдениетіміз бен дәстүрімізді дамытудағы рөлі мен маңызы туралы маңызды әңгімелер айтылды.
«Атамекен» ардагерлер ұжымы – ән әлемінің қадір-қасиетін жастарға дәріптеуде ұлы көштің ізін суытпай келе жатқан бірегей ұжым.
Бүгінде Еркін Сәрсенбаев жетекшілік ететін топ құрамында 3 — баяншы, 3-домбырашы, 1-гитарашы, 2-жеке орындаушы, сондай-ақ, 26-хор қатысушысы бар.
Басқосу барысында аудан әкімінің орынбасары Дамира Маратқызы өнер ұжымына алдағы шығармашылық жолында сәттілік тіледі. Оның айтуынша, мұндай шығармашылық ұжымдар мәдениетімізді байытуда маңызды рөл атқарады және жастардың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттыруда зор үлес қосады.
Мұндай кездесулер халқымыздың дәстүрлік өнерін сақтап, дамытуға ықпал етеді, сол арқылы рухани әлеміміздің гүлденуіне ықпал жасайды. «Атамекен» ардагерлер ұжымының шығармашылығына біз де сәттілік тілейік!
Әділет Құттыбай