ЖАСТАР НАШАҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ

0

Нашақорлық – қоғамның дерті. Бүгінгі күні есірткінің адам өмірін улап, тағдырды күл-талқан ететін қасірет екенін біз, жас ұрпақ, терең түсінуіміз керек. Есірткіге қарсы күресу – тек мемлекеттік органдардың емес, әрқайсымыздың ортақ міндетіміз. Өкінішке қарай, нашақорлық көбіне жастардың қызығушылығынан басталады. Жаңа әсер сезінгісі келген жасөспірім бір рет байқап көргеннен кейін, сол күйді қайта сезгісі келеді. Осылайша, тәуелділік пайда болады.

Біз студенттер өзімізде осы мәселені жан-жақты талқыладық. Болашақ маман ретінде мен де, қатарластарым да бұл індеттің жойылуына қандай үлес қоса алатынымыз туралы пікір алмастық. Өз ойымызды ортаға салып, нашақорлықпен күресудің жолдарын қарастырдық. Студенттер ретінде біз уақытты тек пайдалы іске жұмсап, өзімізді дамытуға ұмтылуымыз керек деген қорытындыға келдік. Расында да, көпшілік есірткіні алғашында қызығушылықпен бастайды, кейін оның құрсауынан шыға алмай қалады. Бұл жолдың соңы қайғылы жағдайға әкелетіні бәрімізге белгілі. Сондықтан еліміздің болашағы ретінде біз нашақорлыққа қарсы белсенді күресуіміз керек деп санаймын.

Сонымен қатар, зиянды әдеттерден аулақ болып, дені сау, рухы биік, адамгершілігі мол, білімді азамат болу – әр жастың борышы. Егер елімізді дамыған мемлекеттермен терезесі тең ел еткіміз келсе, ең алдымен өз бойымызға салауатты өмір салтын қалыптастыруымыз қажет. Оқытушыларымыз да бізге осыны үнемі айтып, дұрыс бағыт-бағдар беріп келеді.

Баспасөз мәліметтері бойынша, Қазақстанда есірткіге тәуелді адамдар саны жылдан-жылға артып отырғаны алаңдатады. Әсіресе героин мен синтетикалық есірткілердің таралуы – үлкен қауіп. Сондықтан мен өз қатарластарыма әрқашан: «Нашақорлықтан аулақ болайық! Салауатты өмір салтын таңдайық!» дегім келеді.

Асыл ОРАЛХАН, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің, Менеджмент және халықаралық байланыстар факультеті, журналистика бөлімінің студенті

Leave A Reply

Your email address will not be published.