ҚҰҚЫҒЫҢДЫ ҚОРҒАЙ БІЛ!

0

«Заң мен Тәртіп» қағидаты ұлтымыздың рухы мен дүниетанымына толық сай келеді. Біз ата-бабамыздың бірегей құқықтық мұраларын мұқият зерделеп, жан-жақты насихаттауымыз керек. Бұл – халқымыздың құқықтық сана-сезімін арттыратын маңызды фактордың бірі», — деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде.

Сейсенбі күні «Заң мен тәртіп» профилактикалық керуені Қордай ауданында жұмысын жалғастырып, прокуратура мен құқық қорғау және жергілікті атқарушы ұйым өкілдері тұрғындарға құқықтық көмек көрсетті.

Бағдарламаның маңызды бөлігі аудандық Мәдениет үйінде өткен форум болды. Онда, Халықаралық «Қазақстан Дәуірі» газетінің директоры, белгілі журналист Сәуле Мешітбайқызы, аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, облыстық ПД ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, психолог Айжан Түктібаева, ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Мұхаммед Қошмағанбетов, ПД ҚҚБ отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің бастығы Диляфруз Кенжеханова, ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Әйгерім Каукешова, аудан прокуроры Қайыржан Қуатбеков, мекеме басшылары мен жастар қатысты.

Жұмыс форматы халықпен тікелей байланыс орнатуды, қолданыстағы заңнаманы түсіндіруді және азаматтардың өтініштеріне жедел жауап беруді көздейді.

Профилактикалық іс-шараның мақсаты – халықтың заңды құқықтарын қорғау, тұрғындардың құқықтық білімін арттыру.

«Бүгінгі «Заң мен тәртіп» профилактикалық керуені аясында тәрбие мәселесіне тоқталғым келеді. Тәрбие – ол біздің қоғамымыздың негізі, болашағымыздың кепілі. Әрбір отбасында, мектепте және қоғамнда әрбір мүшесіне — жас ұрпаққа дұрыс тәрбие беру – бәріміздің жауапкершілігіміз. Бала тәрбиесі – өркениетті қоғамның дамуымен тығыз байланысты. Тәрбиенің негізі – адамгершілік, сыйластық, жауапкершілік. Басқаша айтқанда, балаларымызды тәрбие арқылы біз оларды тек білімді болумен қатар, тәрбиелі, мәдениетті, парасатты азаматтар етіп өсіруіміз керек», — дейді форумда сөз алған Сәуле Мешітбайқызы.

Мұндай профилактикалық шаралар елдегі құқықтық жүйенің нығаюына, азаматтардың құқықтарын қорғауына зор ықпал етеді.

«Заң мен тәртіпті сақтау – тек құқық қорғау органдарының міндеті емес, әр азаматтың жауапкершілігі. Біз құқықтық қоғамда өмір сүреміз, сондықтан әр азамат заңды міндеттерін білуі қажет. Бұл біздің құқықтық сана-сезімімізді арттырады және әлеуметтік жауапкершілігімізді нығайтады», — деді аудан әкімінің орынбасары Дамира Маратқызы форумда сөйлеген сөзінде.

Форум барысында спикерлер отбасылық қатынастар, балалардың құқықтарын қорғау, цифрлық қауіпсіздік, дін тақырыбындағы сауалдарға жауап берді.

Шарада, балалардың құқықтарын қорғау бойынша заңдар мен ережелер туралы, сонымен қатар, ата-аналар және педагогтардың міндеттемелері туралы егжей-тегжейлі ақпарат берілді.

Цифрлық қауіпсіздік мәселелері бойынша мамандар интернеттегі қауіпсіздік шараларын, балаларды кибербуллингтен қорғау тетіктерін түсіндірді. Заманауи технологиялардың біржақты тиімділікке ие екенін ескере отырып, тұрғындарға цифрлық платформаларда қауіпсіздікті қалай қамтамасыз ету қажеттігі туралы кеңестер айтылды.

Дін тақырыбында мамандар азаматтардың діни сенімдеріне қатысты құқықтарының сақталуы, діннің қоғамдағы рөлі, діни экстремизмнің алдын алу туралы мәліметтермен бөлісті.

Тұрғындарға уәкілетті органдарға жүгіну тәртібі мен құқықтық қолдау алу тетіктері түсіндірілді. Мамандар құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары, құқықтық көмек алу жолдары, сонымен қатар, кез келген уақытта кеңес алуға болатын мекенжайлар туралы ақпарат берді. Мәселелерді шешу үшін арнайы органдарға қалай жүгіну керектігі, кеңес алу үшін қандай құжаттар қажет екені түсіндірілді.

Шара тұрғындар арасындағы құқықтық сауаттылықты арттыру және қоғамда тәртіпті сақтау үшін маңызды болды. Тұрғындар мамандармен ашық диалогқа келіп, құқықтық мәселелер бойынша сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды.

Профилактикалық шараның келесі бөлімі Масаншы ауылындағы ауылдық Мәдениет үйінде жалғасты. Мұнда тұрғындарға түрлі сала басшылары мен мамандары құқықтық кеңестер берді.

Әділет ҚҰТТЫБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.