Жамбыл облысына жұмыс сапарымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев келді. Ол бір-қатар өнеркәсіптік және әлеуметтік нысандарды аралап, экономиканың түрлі секторындағы инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысып, сондай-ақ облыс жұртшылығымен кездесті.
МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДАҒЫ ФАРМАЦЕВТИКАЛЫҚ КӘСІПОРЫНДАРДЫҢ ҚЫЗМЕТІМЕН ТАНЫСТЫ
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жамбыл облысына жұмыс сапары «Әмір және Д» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметімен танысудан басталды. Кәсіпорын медициналық бұйымдар мен дәрілік заттар өндіреді. Президентке медициналық препараттар мен дайын өнім түрлерін шығаратын негізгі цехтың жұмысы көрсетілді. Президент отандық фармацевтика индустриясының дамуы импортқа тәуелділікті төмендетіп, ұлттық денсаулық сақтау жүйесін нығайтуда маңызды екенін атап өтті.
МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ «ТАРАЗ» ШАҒЫН ИНДУСТРИАЛДЫҚ АЙМАҒЫН АРАЛАП КӨРДІ
Президентке Жамбыл облысына инвестиция тарту және агроөнеркәсіп кешенін дамыту жобалары таныстырылды. Қасым-Жомарт Тоқаевқа экономиканы индустриаландыру, мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, егіс алқаптарын әртараптандыру, су үнемдеу технологиясын енгізу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндалып, инвестициялық пул туралы мәлімет берілді. Жыл басынан бері өңірге 599,2 миллиард теңге инвестиция тартылған, өсім 33 пайызды құраған. Соңғы екі жылда облыста жалпы құны 242 миллиард теңге болатын 56 инвестициялық жоба іске асырылған. Мемлекет басшысына облыстағы жетекші кәсіпорындардың жобалары көрсетілді. Олардың қатарында «Қазфосфат» серіктестігінің минералды тыңайтқыштар өндіру және YONGGANG CENTRAL IRON and STEEL компаниясы салып жатқан металлургия зауыты жобалары бар. Сондай-ақ Жаңатас қаласындағы «ЕвроХим-Қаратау» ауқымды инвестициялық жобасының аралық қорытындысы ұсынылды. Бұдан бөлек, KAZ FMWORLD AGRICULTURAL MACHINERY компаниясының индустриалдық аймақта шығарылатын ауылшаруашылық техникалары көрсетілді.
ПРЕЗИДЕНТ DALA GLASS ӘЙНЕК ӨНДІРЕТІН КӘСІПОРЫН ҚЫЗМЕТІМЕН ТАНЫСТЫ
Зауыт биыл жазда іске қосылған. Жобаға салынған инвестиция 1 миллиард теңгені құрайды. Жылына 500 мың шаршы метр әйнек шығару жоспарланып отыр. Бүгінде аталған нысанда 50 адам жұмыс істейді. Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпорын қызметкерлерімен әңгімелесіп, олардың еңбегіне табыс тіледі.
Толық текст akorda.kz сайтында