«QORGAN» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА

0

Қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету баршаға ортақ міндет. Осы бағытта ауданда «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайту мақсатында бірқатар профилактикалық шаралар жүзеге асырылуда. Соның бірі «Qorgan» жобасы аясында ұйымдастырылған кезекті ісшара.

Аталған жоба шеңберінде «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен аудандық полиция бөлімі бірлесіп, Цемзауыт ықшам ауданындағы иесіз және бос тұрған көпқабатты тұрғын үйлерге зерделеу жұмыстарын жүргізді. Бұл жұмыстардың басты мақсаты – жастар арасында заңсыз граффити жазу, бөтен мүлікке зиян келтіру сияқты құқықбұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті сақтау мәдениетін қалыптастыру.

Зерделеу барысында құқық қорғау органдары тарапынан нысандардың қазіргі жағдайы бағаланып, ықтимал қауіп көздері анықталды. Сонымен қатар мамандар аталған ғимараттарда заңға қайшы әрекеттердің орын алмауы үшін алдын алу шараларын күшейту қажеттігін атап өтті.

Іс-шара аясында №5 Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектептің оқушыларына арнайы түсіндіру жұмыстары да ұйымдастырылды. Кездесу барысында оқушыларға граффити жазудың заң талаптарына қайшы келетіні, оның әкімшілік және материалдық жауапкершілікке әкеп соғатыны жан-жақты түсіндірілді. Сонымен бірге мұндай әрекеттердің қоғамдық ортаға, қала көркіне және жеке тұлғалардың мүлкіне тигізетін кері әсері нақты мысалдар арқылы жеткізілді.

Мамандар жастарды заңға бағынуға, қоғамдық мүлікке ұқыпты қарауға және азаматтық жауапкершілікті сезінуге шақырды. Оқушылар өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алып, құқықтық сауаттылықтарын арттыруға мүмкіндік алды.

Аталған профилактикалық іс-шара ауданда қауіпсіз әрі таза орта қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстардың бір бөлігі болып табылады. Алдағы уақытта да жастармен жұмыс күшейтіліп, құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған осындай түсіндіру және зерделеу шаралары тұрақты түрде жалғасын табатын болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.