ЭКЗОТИКАЛЫҚ ҚҰСТАР МЕКЕНІ

0

Егіншілік пен мал шаруашылығы қатар дамыған ауданымызда соңғы жылдары ауыл шаруашылығының жаңа бағыттарына бетбұрыс байқалады. Соның бірі экзотикалық құстарды өсіру ісі.

Жуырда, біз редакция тілшілері аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Әсет Сапарбай, статисі Ғалымжан Оспанов жол бастап Сарыбұлақ елдімекеніне бет алдық.

Қордай ауданына қарасты Сарыбұлақ ауылында өзгеше тіршілік қайнап жатыр. Ауыл тұрғыны Чинара Бажанова көпшілікке тосын, бірақ аса қызықты кәсіп – түйеқұс асырауды хоббиге айналдырған. Экзотикалық құстарға деген қызығушылығы оны біртіндеп шағын «ауыл зообағын» қалыптастыруға жетелепті.

Чинара Сағадиқызының айтуынша, түйеқұс өсіру идеясы оның көкейінде бұрыннан жүрген. Ал алғашқы нақты қадамы 2004 жылы жасалған. Сол жылы ол Шымкент қаласынан түйеқұстың үш жұмыртқасын арнайы алдырып, шағын инкубатор сатып алады. Нәтижесінде үш жұмыртқаның екеуінен тірі балапан шығып, оны сәтті өсіріп жетілдіреді. Бұл алғашқы табыс алдағы істерге сенім ұялатады.

«Кейін түйеқұстың бір отбасын сатып алып, өзімше көбейтіп көргім келді. Осы мақсатта Сарығашқа барып, арнайы түйеқұс әкелдік. Содан бері бұл істен қол үзбей келемін», — дейді ол.

Алғашқы жылдары ауылға экзотикалық құстардың келуі нағыз жаңалыққа айналған. Мектеп оқушылары мен балабақша тәрбиеленушілері «зообақ ашылыпты» деп, арнайы келіп тамашалайтын болған. Құстармен қатар қояндар да бар. Осылайша Чинара Сағадиқызының ауласы балалар үшін қызықты экскурсия алаңына айналған.

Түйеқұс өсірудің қыр-сырын сұрағандарға ол бұл істің аса күрделі еместігін айтады. Ең бастысы – тазалық, дұрыс қорек және кең орын. Түйеқұс еркіндікті сүйетін құс болғандықтан, оны тар қорада ұстауға болмайды. Міндетті түрде ашық алаңы бар кең орын қажет.

Құстың азығы да қарапайым, шөп, дәнді дақылдар, құрама жем, көкөністерді де жейді. Құс өсірушінің айтуынша, күнделікті бақылау да маңызды. Құстың жүріс-тұрысы мен тәбетіне қарап-ақ оның жағдайын аңғаруға болады.

Айта кетерлігі, Чинара Бажанова бұл іспен ресми түрде шаруа қожалығы немесе жеке кәсіпкер ретінде емес, тек хобби ретінде айналысады. Соған қарамастан, құс өсірудің қыр-сырын жетік меңгерген. Қазақстанда өзімен пікірлес құс өсірушілер көп екенін айтып, олармен үнемі тәжірибе алмасып, ақыл-кеңес сұрасып отыратынын жеткізді.

«Негізгі арманым – болашақта үлкен ферма ашу. Қазір бәрі хобби деңгейінде, бірақ жоспарым ауқымды», — дейді ол.

Түйеқұс шаруашылығының да өзіндік ерекшелігі бар. Мәселен, бір түйеқұс жұмыртқасының салмағы шамамен 1,5 келіге дейін жетеді. Ал аналық түйеқұстар дұрыс күтім мен қолайлы жағдай жасалса, аптасына 2 рет жұмыртқалайды екен.

Одан бөлек, Чинара Бажанованың ауласында құстың сан алуан түрі бар. Атап айтқанда, үнді павлині, ақ корольдік павлин, күркетауықтар, цесаркалар, сондай-ақ тауықтың сирек кездесетін тұқымдары – карликовый кохинхин, жүнді (шершистый) тауықтар өсіріледі. Бұдан бөлек, бірнеше қояны да бар.

Еңбек пен ізденіске негізделген бұл бастаманың болашағы зор. Ендеше, экзотикалық құстарды асырауды жүрек қалауына айналдырған кейіпкеріміздің үлкен ферма құру жөніндегі арманы алдағы уақытта міндетті түрде орындалсын деген тілектеміз.

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.