СУ ТАПШЫЛЫҒЫНА ҚАРСЫ ШАРАЛАР ПЫСЫҚТАЛДЫ

0

20 қаңтар күні Сарыбұлақ ауылында Бетқайнар және Қақпатас ауылдық округтерінің шаруа қожалықтарымен арнайы кездесу өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бақаев, ауыл шаруашылығы бөлімі мен су шаруашылығы саласының жауапты мамандары қатысты.

Кездесудің басты тақырыбы – биылғы жылға болжанып отырған су тапшылығына байланысты ылғалды аз қажет ететін дақылдарға басымдық беру, сондай-ақ су үнемдеу технологияларын тиімді пайдалану мәселелері.

Жиын барысында аудан әкімінің орынбасары Жұлдызбек Төленұлы көршілес Қырғызстан Республикасынан келетін су көлемі биыл өткен жылмен салыстырғанда аз болуы мүмкін екенін атап өтті. Сонымен қатар жауын-шашын мөлшерінің төмен болуына байланысты топырақтағы ылғал қоры жеткіліксіз болуы ықтимал екенін ескертті. Осыған орай, шаруаларға егіс науқаны кезінде жыл сайынғы жоспарларына өзгерістер енгізіп, суды көп қажет ететін дақылдардың орнына баламалы, төзімді дақыл түрлерін таңдаудың маңыздылығы айтылды. Себебі су тапшылығы мен құрғақшылық салдарынан атқарылған еңбек пен қаржы шығыны зая кетуі мүмкін.

Кездесу барысында шаруалар тарапынан қойылған сұрақтарға сала мамандары тарапынан нақты әрі жан-жақты жауаптар берілді. Сонымен қатар егістік алқаптарындағы дақылдарға қауіп төндіретін зиянкестермен күресу, олардың алдын алу және жою жолдары туралы да түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Сондай-ақ жиында суармалы суды бөлу тәртібі, шаруалар мен су шаруашылығы мекемелері арасындағы келісімшарт жасасудың жаңа тәсілдері жөнінде де кеңінен түсіндірілді.

Жандос ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.