БАС ПРОКУРАТУРАДА ЖИЫН ӨТКІЗДІ

0

Жиында Мемлекет басшысы елімізде ауқымды өзгерістер жасалып жатқанын және алдымызда Конституциялық реформа жүргізу, мүлде жаңа саяси жүйеге қадам басу міндеті тұрғанын айтты. Сонымен қатар, жаңа дәуірде барлық салаға цифрландыру мен жасанды интеллектіні жаппай енгізу жұмысымен белсенді түрде айналысу қажет екенін атап өтті.

«Кейбір шет елдерде болып жатқан қазіргі өте күрделі ахуалды көріп, бұл саясатымыздың дұрыстығына бәріміздің көзіміз жетіп отыр, оған ешқандай күмән жоқ. Заң мен тәртіп мемлекеттік саясатымыздың негізгі қағидаты ретінде қабылдануы керек, бұл қағидатты жаңа Конституциямызға міндетті түрде енгізу қажет деп санаймын. Себебі бұл ешқашан өзектілігін жоғалтпайтын, өміршең қағидат екені даусыз. Бас прокуратураның осы саладағы рөлі аса маңызды. Прокуратура қызметкерінің заңның бұзылуына бейтарап, селқос қарауға құқығы жоқ», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Әр мекеме цифрлық жүйесін өз бетімен дамытуда. Бұл шаруа жүйесіз жүргізіліп жатыр. Біртұтас жүйе жоқ. Мысалы, кейбір органдар цифрлық тәсілдерді ұтымды қолданып жұмыс істеуде. Ал кейбірі дұрыс амалтәсіл таба алмай, қыруар қаржы жұмсап жүр. Бұл, басқа сөзбен айтқанда, нағыз жымқыру. Сондықтан қаражатты орынсыз жұмсап, жаңа дүние жасаудың қажеті жоқ. Үкіметке қолданыстағы барлық цифрлық шешімдерді саралап, тексеріп, олардың тиімділігін арттыруды тапсырамын. Күштік құрылымдарға арналған түсінікті құрылымы бар және технологиялық стандарттары біркелкі бірыңғай цифрлық экожүйе жасалуға тиіс», деді Президент.

Президент азаматтардың дербес деректерін қорғау қажет екенін айтты

«Ақпараттық кеңістікте азаматтардың дербес деректері жарияланып кеткені туралы хабар жиі шығып жатады. Дербес деректерді барынша қорғау үшін бұл жұмыспен жүйелі түрде айналысу керек»

«Әлемде киберқылмыс өршіп барады. Жыл сайын мыңдаған азаматымыз соның құрбаны болып жатыр. Қазір интернеттегі алаяқтық қылмыстардың бестен бірі ғана ашылады. Бұл өте төмен көрсеткіш. Киберқылмыспен күрес тәсілдерін түбегейлі қайта қарау қажет. Цифрлық қатерге төтеп беру үшін құқық қорғау органдары бір қадам алда жүруге тиіс. Озық ойлап, артта қалмаудың амалын табу қажет».

«Көшіқон үдерістерін жаппай цифрландыру керек. Бұл өте өзекті мәселе. Баяғыдан бері талқылап жатырмыз, дұрыс, оң нәтиже аз. Қазір әлемде күрделі ахуал қалыптасып отыр. Дүние жүзінде кең ауқымды көшіқон жүріп жатыр десек, қате болмайды. Қоныс аударғысы келетін шетелдіктер үшін Қазақстан басқа елдерге өтуге де, тұрақтап қалуға да қолайлы мемлекет. Елге келген шетел азаматтарын уақтылы есепке алып, олардың жүрістұрысын бақылайтын техникалық құралдарды жетілдіру аса маңызды міндет. Үкіметке Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, осы жұмысты тездетуді тапсырамын», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Ұлттық құрылтай отырысында мен отаншылдық ұғымы туралы пікірімді айттым. Отаншылдық, бұл жай ұран емес, отаншылдық дегеніміз қасиетті сезім, мұның әсіреұлтшылдыққа еш қатысы жоқ. Қазақстанда біз отаншылдық ұғымына жауапкершілік және жасампаздық тұрғысынан қарауымыз керек, яғни отаншыл азамат ең алдымен жауапкершілігі жоғары және жасампаз азамат болуға тиіс. Отанға деген сүйіспеншілік саяси ұпай жинау немесе қызметтік мансап жасау емес, бұл Отаныңа жақсылық жасау, еліңе пайда әкелу деген сөз».

Сонымен қатар жиында Бас прокурор Берік Асылов, Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, Президенттің көмекшісі Қуанышбек Есекеев, Ішкі істер министрі Ержан Сәденов сөз сөйледі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.