СҮТ ӨНДІРІСІНДЕГІ СӘТТІ ҚАДАМ

0

Тәуелсіз ел болып еңсемізді тіктегелі 30 жыл болды. 30 жылдың ішінде елдің дамуына өзіндік елеулі үлесін қосып, дамуында дара еңбегімен еленген жандар жетерлік. Қордайлық еңбеккерлер, диқандар, бағбандар осы жолда барын салды, тер төкті, лайықты бағасын да алды. Бұл мақала еңбегі ерен болса да қарапайымдылықты қалайтын адамдар турасында болмақ. 

«Қақпатас-Қордай» ЖШС шаруашылықта жаңа технологиялардың тілін тапқан аудандағы бірден бір ұжым. Мал шаруашылығы саласын дамытуға ден қойған серіктестікті бүгінде Дүйсехан Қошалиев басқарады.

«Бізде еңбек ететін азаматтар жай ғана жұмысшылар емес, олар өте тәжірибелі мамандар. Кез келген шаруаны ақылдасып, бірлесе шешіп отырамыз. Бұл біздің ең басты ерекшелігіміз», — дейді агроқұрылым басшысы.

Айта кетсек, аталмыш серіктестік ауданда үлкен абыройға ие. «Қақпатас-Қордайдың» тауарлы-сүт фермасында зор еңбек пен мол тәжірибенің арқасында жұмысты жүйелі ете білген, аталмыш салаға жан-тәнімен берілген жандар қызмет етеді. Сауыншылар, малшылар, лаборанттар және өзге де қызметкерлер өз ісінің мықты мамандарына айналған. Оларға төленетін еңбекақы да жоғары деңгейде. Фермада қызметкерлер жұмыстан кейін тынығып, жаңалықтарымен бөлісіп, ертеңгі күнге жос-пар құратын арнайы демалыс бөлмесі бар. Қысқасы, жұмысшыларға мұнда барлық жағдай жасалған десек артық айтқандық болмас.

Ферма маңында өсірілген гүлдер, жайқалған ағаштар мен айналаның абаттандырылуы көрген жанды бейжай қалдырмайды. Сүт бағыты болған соң мұнда тазалық мәселесіне ерекше көңіл бөлінетіні сөзсіз. Сауын сиырлар тұратын еңселі ғимараттың іші, сауын аппараттарының тазалығы мұнтаздай. Сүттің сапалы болуына мұндай шаралардың берері мол екені айтпаса да белгілі. Бұл ферманың өзгелерден тағы ерекшелігі – барлық жұмыс толықтай автоматтандырылған. Мәселен, шведтік компания жасап шығарған «DeLaval» аппараты серіктестіктің басты мақтанышы. Бұл сауын аппаратының көмегімен әр сиырдан алынған сүттің көлемі, оның сапасы мен майлылығы арнайы монитор арқылы бақыланып отырады. Тіпті, сүттің температурасы мен өзге де маңыздылығын білуге болады екен. Сондай-ақ, сауын аппараттары сиырлардың денсаулығы жайында бірден ақпарат бере алады. Сүт құрамында қандай да бір өзгеріс байқалған жағдайда компьютер бірден белгі беріп, мамандар малды өзге орынға ауыстырып, емдік шаралар жүргізіле бастайды. Жалпы, заманауи сауын аппараты істі айтарлықтай жеңілдетеді. Тіпті, тезектің өзі автоматты түрде арнайы лента арқылы сыртқа шығарылатыны да таң қалдырмай қоймайды. Бұл құрылғының уақыт пен орынды үнемдеуде таптырмас көмекші екеніне серіктестік анық көз жеткізген. Осы аппараттардың көмегімен суыншылар бір уақытта 24 сиырдан сүт сауып алады. Күніне екі рет сауылған сүттің көлемі бірден арнайы тақтайшадан көрсетіліп, компьютерге енгізіледі. Ал, алынған сүт бірден тоңазытқыштарға жөнелтіледі.

Фермада арнайы сүт жүретін жүйе, өнімді салқындататын танкер орнатылған. «DeLaval» компаниясы сауыншыларға арнайы фартуктер де шығарыпты. Бір сөзбен айтқанда мұнда барлығы сүт өндірісі талабына сай жасақталған. Әр жұмысшының өзі жеке орындайтын міндеті бар, сол міндеттің мінсіз болуына әрдайым жауапты болады. Сондықтан болар, малдың жем-шөбін талапқа сай беру, тазалық жұмысына аса ден қою әрдайым уақытылы әрі сапалы орындалады.

«Қақпатас-Қордай» мемлекеттік бағдарламалардың белсенді қатысушысы болып табылады. Бұл сүт пен ет экспортын кеңейтуге, асыл тұқымды мал басын арттырып, жем-шөп базасын кеңейтуге үлкен көмек болып отыр.

«Ірі қара мен ұсақ малдың басын көбейту шаруашылық үшін ет пен сүт өнімін молайтуға мол мүмкіндік береді. Қазір бізде «Алатау» және «Швиц» тұқымдас ірі қара малдары бар. Олар өнімділігі жағынан көбісінен көш ілгері екенін білеміз. Сол себепті аталмыш асыл тұқымды мал басын арттыруға күш салудамыз», — дейді серіктестік қызметкерлері.

Мұнда сүтке зертханалық талдау үнемі жасалып отырады, сонымен қатар малға вакцина салу, профилактикалық тексерулер де күн тәртібінен түспейді.

Қазіргі таңда заманауи фермерлік кешендер сапалы өнім алудың кепілі болып отыр дегенді жиі естиміз. Иә, ол да рас. Бірақ, бұл шаруашылықтың тасы өрге домалауына лайықты кепіл болады дегеннен аулақ болған абзал шығар. Өйткені, ферма қаншалықты заманға сай жарақталып, бір компьютер арқылы басқарылса да, адами фактор болмаса жұмыстың жүйелі болуы екіталай. Сондықтан Қақпатастағы сүт фермасында өз жұмысын жетік білетін, ұзақ жылдардан бері мол тәжірибе жинақтаған жандар еңбек етеді. Серіктестіктің дамуы, өркендеуі осы азаматтардың қолында екенін ұмытпаған жөн.

«Әр сиырдың, әр малдың жағдайын жақсы білеміз. Олар да сылап-сипағанды, мақтағанды ұнатады. Ал, жаңа туған бұзауларға бізде ерекше жағдай жасалған. Жүз бас сиырдан жүз бас бұзау жыл сайын ешқандай шығынсыз алынады. Жас бұзауларға үнемі майы алынбаған сапалы сүт беріледі. Кейінірек шөп мен құрама жемдер араластырылып беріле бастайды», — дейді сауыншылар.

Қазір серіктестікте қысқа мал азығын дайындау жұмысы қызған. Жоңышқа, көпжылдық шөптер толығымен шабылып, орам ретінде арнайы орындарға жиналған. 2200 гектар аумақтан жиналатын шөптің көлемі көңілден шығып отыр. Пішендемеге бөлек траншеялар дайындалып, шөп сонда бастырылуда. Сүт пен ет өнімін ұлғайту үшін силосты үлкен көлемде бастыру серіктестіктің жылдағы атқаратын жұмысы.

Мемлекеттік қолдауды жақсы сезінген серіктестік түрлі субсидиялар мен өзге бағдарламалар арқасында агрокешендік өндірісті дамудың жаңа сатысына көтеруге мүмкіндік алып отыр. Мал шаруашылығы саласының атқарып отырған жұмысы бүгінде осындай көріністерге толы. Лайым солай болғай.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.