ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ ПЫСЫҚТАЛДЫ

0

Таяуда аудан әкімдігінің мәжіліс залында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандары мен әлеуметтік сала нысандарын 2021-2022 жылғы жылыту маусымына дайындау және 22 елді мекенді көгілдір отынға қосу мәселесі бойынша штаб отырысы өтті.

Аудан әкімінің орынбасары Елдос Мендекеевтің төрағалығымен өткен жиынға ауылдық округ әкімдері мен мекеме басшылары, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ өкілдері, ауылдық округтерде газ құбырын салып, тұрғын үйлерге газ кіргізумен айналысып жатқан мердігер компания өкілдері қатысты. Жиын барысында Қордай газ шаруашылығының басшысы Серік Есжанов округтерде газ жүргізу барысында туындаған қиындықтарды алға тартып, мердігер компаниялар мен ауылдық округ әкімдері тарапынан орын алып жатқан олқылықтар газды қосу жұмыстарын кешеуілдетіп жатқанын атап өтті. Мәселен, бірқатар ауылдарда газ тіреулерін бетондау қажет деген газ шаруашылығы мамандарының талаптары елеусіз қалып, жұмыс тек Отар және Сортөбе ауылдарында техникалық талаптарға сай атқарылған.

Штаб отырысында ауылдық округ әкімдерінің күзгі-қысқы жылыту маусымына дайындық жұмыстары аясында атқарған жұмыстары, өздеріне қарасты елді мекендердегі газдандыру жұмыстарының жайы жөнінде ақпараттары тыңдалды. Осы орайда бірқатар мердігер ұйымдардың атқарған жұмыстарының сапасы сынға түсіп, жиында көтерілген барлық проблемалық мәселелер бақылауға алынатын болды. Аудан әкімінің орынбасары Елдос Мендекеев ауыл әкімдері мен жауапты ұйымдар басшыларына қыс мезгіліне дайындықтың сапасы үшін жеке жауапкершілік жүктелетінін ескертіп, мердігер компаниялардың атқарған жұмысына талап қатаң болатынын алға тартты.

Жиын соңында Елдос Жылкелдіұлы елді мекендерді газдандыру мәселесіне баса назар аудару қажеттігін алға тартып, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырма берді.

«2021-2022 жылғы жылыту маусымына сапалы дайындалып, оны ойдағыдай өткізу үшін барлық проблемалық мәселелерді бірнеше мәрте тағы пысықтау қажет», — деді Е.Мендекеев.

Ләйлім Досембекова

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.