НАСИХАТ ӨТЕ МАҢЫЗДЫ

0

Соңғы жылдары әлемдегі діни ахуал күрделеніп келе жатқаны белгілі. «Дін атын жамылған» теріс пиғылды ұйымдардың іс-әрекеттерінен әлемдегі қаншама мемлекетте бейбіт күн кешудің өзі арман болғанын көріп жүрміз. Ал, осындай қауіптің алдын алу үшін елімізде діни тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында кешенді шаралар қолға алынуда. Қазақстанда жиырмадан аса діни ұйым экстремисттік деп танылып, олардың жұмысына тыйым салынған. Осы тұста халықты құлақтандыратын ақпараттық насихат жұмыстарының маңыздылығы арта түсетіні анық.

Осы орайда Қордай ауданы әкімдігінің жанынан дін саласындағы аудандық ақпараттық-түсіндіру тобы құрылып, оның құрамына тоғыз маман кірген болатын. Аталмыш топ жұмысының нәтижесінде аудандағы діни ахуалдың тұрақтылығы және конфессияаралық қатынастардың беріктігі бағытында айтарлықтай оң өзгерістер орын алғаны байқалады. Арнайы әзірленген жұмыс жоспарының аясында аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімі аталған ақпараттық топ мүшелерімен бірлесе отырып, түрлі санаттағы аудан тұрғындарымен кездесулер өткізуде.

Дәл осындай кездесудің бірі таяуда «Nur Otan» партиясы Қордай аудандық филиалының мәжіліс залында өтті. Жиынға мемлекеттік қызметкерлер және келісімшарт негізінде жұмыс істейтін азаматтар қатысты. «Теріс діни ағымдар туралы не білеміз?» тақырыбында өткен кездесуде ақпараттық насихат тобының мүшесі, ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Баян Ыбышева, ауданның бас имамы Асқар Сатылғанов және облыстық «Дін проблемаларын зерттеу орталығының» Қордай ауданы бойынша инспекторы Мухтор Саидов дәстүрлі ислам діні туралы түсініктеме беріп, жат ағымдар жайында, олардың ықпалына түспеу және қоғамның дамуына келтіретін зияны туралы әңгіме өрбітті.

Бас имамның айтуынша, бұрын дәстүрлі емес діни ағымды ұстанатын азаматтар өздерінің ерекше киім кию үлгісімен бірден көзге түссе, бүгінде олар мұндай әрекеттерін тоқтатып, ондай азаматтарды сырт көзбен анықтау қиындады. Алайда, олар дәстүрлі ұлттық рухани құндылықтарды, қалыптасқан жергілікті діни тәжірибені жоққа шығарып, мойындамауын жалғастыруда. Оның бәрін олар «дінге жаңашылдық енгізу» деп қабылдайды. Сондықтан да қоғамда әр түрлі бүлік орын алып жатады. Демек, ондай азаматтардың әрекеттері қауіпті. Осы турасында кеңінен мәлімет берген Асқар Зәкіржанұлы сөз кезегін Мухтор Саидовқа ұсынды. Өз кезегінде дінтанушы маман бүгінгі таңда ақпараттың оңай қол жетімділігіне байланысты бұл саланы қадағалау өте қиын екенін жеткізді. Өйткені радикалды көзқарастар көбіне интернет желісі арқылы тез тарайды. Жат ағымның арбауына көбіне жастар еретіні шындық. Еліктегіш келетін олар діни-радикалды көзқарасты ақиқат деп танып, қалғандарының бәрін тәрк етеді. Осыны баян еткен ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері діни ақпаратты тек ҚМДБ тағайындаған мешіт имамдарынан және ресми интернет парақшалардан алу керектігін баяндады.

Кездесу барысында ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері қатысушылардың қойған сұрақтарына жауап берді. Жұмыс жоспарына сәйкес осындай кездесулер ауданның бірнеше елді мекенінде өтетін болады.

 

Еркін Қатбеков

Leave A Reply

Your email address will not be published.