САРЫБАСТАУ ЖАНҒА САЯ

0

Газетімізде жиі жарық көретін ауыл тынысы айдарының қамымен жүріп жақында Сарыбастау ауылына жолымыз түсті. Ноғайбай ауылдық округіне қарасты елді мекен шағын ғана болғанымен жергілікті тұрғындардың өз тіршілігі өзінде, жоғарыға назын айтып, алақан жайып отырған ешкім жоқ.

Иә, о бастан ата кәсіпті қолға алып, Жер-анадан ризығын теріп, төрт түлігін түлеткен сарыбастаулықтардың ауызбіршілігі мен ұйымшылдығы әлі күнге ел аузында. Ауыл белсенділерінің әр мәселені тұрғындармен бірлесе шешіп, әрбір істі асарлата жасайтын жақсы қасиеттері тағы бар. Ауылға сапарымыз барысында ең әуелі елді мекеннің кіреберіс тұсындағы ауылдың атауы жазылған стелла көзге түседі.

«Бұл Қордай ауданының тумасы, белгілі кәсіпкер Асқар Иткеевтің ауылға жасаған сыйлығы», — дейді осы күні бізбен бірге жүрген Ноғайбай ауылдық округінің әкімі Ғабидин Тулақбаев.

Жалпы, ауыл азаматтарының туған жерге деген сый-құрметі ауылдың кіреберісінен-ақ байқалып тұр. Бұл ретте тау жоталарының баурайында менмұндалап көрінген жасанды үш бассейнді айтуға болады. Мұнда жаздың аптап ыстық күнінде балақайлармен қатар ересектер де келіп, бос уақыттарын осында өткізеді екен. Бұл жерге су қайнарлардан келеді, ол үшін жалпы ұзындығы 400 метр құбыр тартылған. Қысқасы, керемет демалыс орнын жасау үшін ауыл тұрғындары демеушілермен бірігіп, қайнар көздерін тазалауға көмек көрсеткен.

«Қайнар суы таза әрі денсаулыққа пайдалы. Ауыл маңында мұндай қайнарлар көп. Біз мұнымен тоқталмай, жұмысты жалғастырмақ ойымыз бар. Игі іс өзгелерге үлгі болып, өзге аудан тұрғындары да қайнар көздерін тазалауды қолға алса деген тілегіміз бар», — дейді ауыл әкімі.

Осыдан кейін біз сапарымызды жалғастырып, «Сулы сай» деген жерге жеттік. Аты затына сай бұл жер суы мол, көздің жауын алатын орын екен. Аумақта шырша, емен, еуропалық қарағаш, аққайың сынды сәнді ағаштар отырғызылған. Сонымен қатар, сазан мен мөңке шабақтары өсіріліп жатқан шағын көлшігі де бар. Көлшіктен қармақпен балық аулауға да болады. Демалыс орнының күтіп-ұстау жұмыстары Рита тәтейге жүктелген. Оның айтуынша, бұл жерде бұрын оның ата-анасы мал баққан.

«Қазір бұл жер адам танымастай өзгерді. Мұнда жұмақтай бақ пайда болады деп үш ұйықтасам түсіме кірмейтін еді. Жайқалған түрлі-түсті гүлдер мен қылқанжапырақты ағаштарға күтім жасау, бұл алқаптың тазалығын сақтау менің міндетім. Бұл жұмысты жасау маған ұнайды, себебі мен істі ата-бабамыздан мирас болып қалған жерді құрметтеу деп білемін және туған жеріме деген махаббатымды білдіремін. Ауыл тұрғындары атынан «Алтын дән» шаруа қожалығының басшысына алғыс айтамын. Тақыр жерде осындай тамаша орын жасау оңай шаруа емес. Бұл іске бүкіл ауыл атсалысты, біреу техникасын ұсынса, басқасы қара күш салды. Атап өтсек, олар Қуатхан Мәкешев, Мұрат Қылышбеков, Хануәли Құсайынов, Асқар Құрманалиев, Жарас Мақсұтов, Ербол Тулақбаев, Қуандық Құнанбаев, Мұхит Қаленов, Мейірхан Орынбаев, Жұмабек Мәженов, Александр Генрих және т.б. Тіпті, жақын маңда малын жайып жүрген малшылар ағаш пен гүлді суғарып жүреді. Бұл жерге экскурсияға оқушылар келеді, түрлі іс-шара өтеді, қонақтарды ертіп келеді, күнделікті қарбалас тірліктен демалуға келетіндер де бар», — дейді Рита тәтей.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, жақын арада «Алтын дән» шаруа қожалығының басшысы Жұмадин Тулақбаевтың демеушілігімен бұл жерден ас, құдайы тамақ беруге арналған орын ашып, оны қажетті ыдыс-аяқ, көрпемен жабдықтау жоспарланған.

Жалпы, байқағанымыздай Ноғайбай ауылдық округінің тұрғындары өз ауылын жанымен сүйіп, құрметтейді. Мәселен, Ноғайбай ауылындағы мешіттің аумағында «Алтын дән» ШҚ және «Адал дихан» АӨК демеушілігімен қырлы тас төселіп, азан шақыратын жаңа қондырғы орнатылды. Ал, Шарбақты ауылында жаңа арка орнатылып, Ноғайбай ауылының жастары атынан орталық көше бойында қоқыс жәшіктері қойылды.

Ендігі кезекте округ тұрғындарының арманы – байланыс мәселесі шешілсе. Бұл бағытта Ноғайбай ауылдық округі әкімдігінің мамандары нақты жұмыстарды қолға алып, байланыс операторларының өкілдерімен келіссөздер жүргізілуде. Жақын арада мәселе оң шешімін тауып, таулы өлкедегі байланыс сапасы жоғарламақ. Осылайша, ынтымағы жарасқан, көрікті жерлері, еңбекқор тұрғындары бар округке сапарымыз есте қаларлық болды.

Бекжол Әпілжанов

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.