БОЛАШАҚҚА БАСТАР ҚАДАМ

0

Қордай ауданында мектеп оқушыларына кәсіби бағдар беру бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасуда. 2026 жылдың сәуір айында Қордай ауданында Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қаласында орналасқан Манаш Қозыбаев атындағы университет өкілдерінің қатысуымен кәсіби бағдар беру кездесулері өтті.

Аталған іс-шаралар түлектерге жоғары білім алу мүмкіндіктері, сұранысқа ие мамандықтарды таңдау және болашақ кәсіби дамудың бағыт-бағдарын түсіндіруге арналған ауқымды «SERPIN WAY 2.0» жобасы аясында ұйымдастырылды.

Кездесулер аудан аумағындағы төрт білім беру мекемесінде — №1 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясында, №3 А.Құнанбаев атындағы орта мектепте, №4 Балжан Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейінде және №2 М.Ломоносов атындағы мектепте 10–11 сынып оқушылары мен олардың ата-аналары үшін өткізілді.

Кездесу барысында университет өкілдері жоғары сынып оқушыларына жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндіктері, болашақ мамандықты таңдаудың ерекшеліктері, сондай-ақ мемлекеттік «Серпін» білім беру бағдарламасына қатысудың артықшылықтары жөнінде кеңінен мағлұмат берді. Әсіресе, еліміздің солтүстік өңірлерінде білім алу, мемлекеттік гранттар, сұранысқа ие мамандықтар және оқу бітіргеннен кейінгі жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы ақпараттар оқушылар мен ата-аналардың ерекше қызығушылығын тудырды.

Сонымен қатар, қатысушыларға халықаралық білім беру мүмкіндіктері де таныстырылды. Атап айтқанда, АҚШ-тағы Аризона университетімен қос диплом бағдарламасы туралы мәліметтер көпшілік тарапынан зор ықыласпен қабылданып, жобаға деген қызығушылықты одан әрі арттыра түсті.

Жалпы, Қордай ауданында өткен кәсіби бағдар беру кездесулеріне 488 оқушы қатысты.

Айта кету керек, «SERPIN WAY 2.0» жобасы еліміздің әр өңірін белсенді түрде қамтып келеді. Тек өткен аптаның өзінде білім керуені 2 154 шақырым жол жүріп, Балқаш, Талдықорған, Қонаев қалаларында, сондай-ақ Жетісу және Алматы облыстарының алты ауданында кездесулер өткізді. Тек Іле ауданында бір күннің ішінде төрт кездесу ұйымдастырылған. Жамбыл облысынан кейін жоба қатысушылары өз жұмыстарын Түркістан облысында жалғастырып, ондағы түлектер мен олардың ата-аналарымен де кездесулер өткізуді жоспарлап отыр.

Мұндай бастамалар жастардың кәсіби бағыт-бағдарын айқындауда маңызды рөл атқарады. Олар оқушылардың таным көкжиегін кеңейтіп, өмірлік жолын саналы түрде таңдауға, сапалы білім алудың нақты мүмкіндіктерін көруге жол ашады.

Бұл бағыттағы кәсіби бағдар беру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын таба бермек. Өйткені ертеңгі табысты мамандардың негізі дәл бүгін қаланады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.