Қолмен жасалған әрбір бұйым – төзім мен талпыныстың нәтижесі. Соңғы жылдары гипстен жасалған сәндік заттарға сұраныс артып, бұл бағытта жаңа есімдер де көріне бастады. Солардың бірі – Қордай ауданына қарасты Өтеген батыр ауылының тумасы Сағын Алина. Ол қысқа уақыт ішінде ұқыптылық пен табандылықты ұштастырып, өзіне тән стиль қалыптастырып келеді.
Алина Русланбекқызының айтуынша, қолөнерге деген қызығушылығы бір күнде пайда бола қалған жоқ. Дегенмен бұл бағыттағы нақты қадамы 2023 жылы басталған.
«Сол жылы ютуб желісінен Ақтау қаласындағы бір қыздың гипстен ерекше бұйымдар жасап жүргенін көрдім. Қатты әсер алдым. Оның еңбегіне қызыға қарап, қалай жасалатынын сұрап, біліп, өз бетімше үйренуге кірістім. Әрине, кез келген жаңа істі меңгеру оңай болмайды. Басында көптеген қиындықтар кездесті: кейбір бұйымдар ойдағыдай шықпады, кейде жасаған еңбегім көңілімнен шықпай, қайтадан бастауға тура келді. Осындай сәттерде шыдамдылық пен табандылықтың маңызын түсіндім. Дегенмен, «менің қолымнан келеді» деген сенім мен үлкен ниет мені алға жетеледі», — дейді қолөнерші.
Бүгінде Алина гипсті арнайы қалыптарға құйып, түрлі бояулармен әрлеп, заманауи әрі сұранысқа ие бұйымдар жасап жүр. Әсіресе, жинаққа арналған копилкалардың бірнеше түрін әзірлеген. Қазіргі таңда оның қоржынында 14 түрлі үлгі бар.
Жас шебер әр туындысына ерекше мән беретінін айтады.
«Бұл қолөнер мен үшін жүрегіме жақын сүйікті ісім. Сүйген ісіңмен айналысу адамға ерекше қуаныш, шабыт және ішкі тыныштық сыйлайды. Әрбір жаңа бұйымды бастағанда үлкен жауапкершілікпен қарап, оның әдемілігі мен сапасына ерекше мән беремін. Себебі мен үшін тек сан емес, сапа маңызды. Әр тұтынушының көңілінен шығу – басты мақсаттарымның бірі», — дейді ол.
Қолөнер арқылы Алина тек өнім жасап қана қоймай, өз мүмкіндігін сынап, үздіксіз ізденіс үстінде келеді. Алдағы жоспары да ауқымды:
«Алдағы уақытта өз қолөнерімді одан әрі дамытып, жаңа түрлерін үйреніп, өнімдерімнің санын көбейтуді жоспарлап отырмын. Сонымен қатар, өз ісімді кеңейтіп, көпшілікке танытып, осы өнер арқылы өзгелерге де шабыт бергім келеді. Ең бастысы – адал еңбек етіп, сүйікті ісім арқылы жетістікке жету және қоғамға өз үлесімді қосу», — дейді жас шебер.
Қарапайым ауылдан басталған ізденіс бүгінде нақты нәтижеге ұласып отыр. Гипске жан бітірген қолдармен қатар, бұл жолда мінез де, жігер де шыңдалып келеді. Өз ісін ұқыптылықпен өрістетіп келе жатқан жас шеберге шығармашылық табыс пен еңбегінің жемісті болуын тілейміз.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ