2026 жылғы 2 мамырда Жетісу облысы Сарқан ауданының Тополевка ауылы маңындағы «Жоңғар-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында ерекше табиғи құбылысқа арналған «Сиверс алма ағашының гүлдеуі» фестивалі жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтті, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Ауқымды іс-шара өңірдің туристік әлеуетін арттыруға, экологиялық туризмді дамытуға, табиғи мұраны насихаттауға және әлемдік маңызға ие Сиверс жабайы алмасының табиғи қорын сақтау мәдениетін қалыптастыруға бағытталды.
Фестивальге 7 мыңнан астам адам қатысып, іс-шара аясында 50-ден астам блогер мен инфлюенсер Жетісу өңірінің туристік әлеуетін кең аудиторияға танытуға үлес қосты.
Айта кету керек, Жетісу облысы – жер бетіндегі барлық мәдени алма сорттарының арғы тегі саналатын Сиверс жабайы алмасының негізгі табиғи таралу аймақтарының бірі. Ғалымдардың бағалауынша, аталған бірегей алманың әлемдік табиғи қорының шамамен 48 пайызы осы өңірде шоғырланған.