Әділетті қоғам құру үшін ең алдымен заң талаптары баршаға бірдей орындалуы керек. Заң алдында ешкімнің артықшылығы жоқ. Әрбір азаматтың құқығы қорғалып, барлығына бірдей талап қойылғанда ғана қоғамда тәртіп пен сенім қалыптасады.
Қазақстан Республикасының Конституциясында бұл қағида нақты көрсетілген. Атап айтқанда, 16-бапта әркімнің жеке бас бостандығына құқығы бар екені бекітілген. Сонымен қатар заңда көзделген негіздер мен тәртіп бойынша ғана адамды ұстауға немесе қамауға алуға болатыны көрсетілген. Ұсталған адамға оның құқықтары түсіндіріліп, заң көмегін алу мүмкіндігі берілуі тиіс.
Бұл баптың негізгі мәні – әр азаматтың бостандығы мен жеке құқығы заңмен қорғалуы қажет. Ешкімді негізсіз ұстауға, бостандығын шектеуге болмайды. Адамға қатысты кез келген әрекет заң талаптарына сай жүргізілуі тиіс.
Қордай ауданы – түрлі этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқан өңір. Мұндай қоғамда әр адамның құқығы мен бостандығын құрметтеу, өзара сыйластықты сақтау ерекше маңызды. Өйткені қоғамдық келісім мен тұрақтылық әр азаматтың заңды құрметтеуінен басталады.
Заңды сақтау – тек мемлекеттік органдардың міндеті емес, әрбір азаматтың жауапкершілігі. Өз құқығымызды білу, заң талаптарын орындау және айналамыздағы адамдардың бостандығына құрметпен қарау – баршамызға ортақ міндет.
Менің ойымша, әділетті қоғамның басты белгісі – әр адамның құқығы қорғалып, заң талаптарының мүлтіксіз орындалуы. Заң үстемдік құрған жерде тәртіп те, тұрақтылық та болады.
Сондықтан Конституцияда бекітілген 16-баптың талаптарын құрметтеу, азаматтардың жеке бас бостандығы мен құқықтарын сақтау – құқықтық қоғам қалыптастырудағы маңызды қадам.
Б. Қарамолдаева, Қордай ауданының Құрметті азаматы