2026 жылдың алғашқы үш айында ел аумағында балалардың терезеден және биіктіктен құлауына байланысты 44 жағдай тіркелген. Олардың 4-еуі қайғылы жағдаймен аяқталған. Бұл туралы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы хабарлады.
Күн жылынған кезеңде мұндай оқиғалардың қаупі айтарлықтай артады. Әсіресе балалардың терезеден құлау жағдайлары көбейетіні байқалады. Ең көп қайғылы оқиғалар Атырау облысында – 13 жағдай, Астана қаласында – 8 жағдай (оның 3-еуі өліммен аяқталған), Маңғыстау облысында – 4 жағдай (оның 1-еуі өліммен аяқталған) тіркелген. Мамандардың айтуынша, мұндай оқиғалардың басым бөлігі мектепке дейінгі және ерте жастағы балалар арасында кездеседі. Себебі бұл жастағы балалар қауіп-қатерді толық түсіне алмайды. Ересектердің қысқа уақытқа назардан тыс қалуы да қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін. Негізгі себептердің қатарында балаларды қараусыз қалдыру, жауапкершілікті үлкен балаларға жүктеу, терезелерде қорғаныш құрылғыларының болмауы, сондай-ақ терезе маңына жиһаз қою салдарынан баланың оңай көтерілуі бар. Сондай-ақ мамандар москит торлары қауіпсіздік құралы емес екенін ерекше атап өтеді. Олар тек жәндіктерден қорғауға арналған және баланың салмағын көтере алмайды. Сондықтан мұндай торлар жалған қауіпсіздік сезімін тудырады.
Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі ата-аналар мен заңды өкілдерге келесі қауіпсіздік шараларын сақтауды ұсынады:
– балаларды, әсіресе терезесі ашық бөлмелерде, қараусыз қалдырмау;
– терезелерге арнайы қорғаныш құрылғыларын (блокиратор, шектеуіш, балаларға арналған құлыптар) орнату;
– терезе маңына жиһаз қоймау;
– баланы үнемі бақылауда ұстау;
– балаларға қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, қауіп ұғымын қалыптастыру;
– қауіпсіз желдету режимі бар терезелерді пайдалану;
– терезе құрылғыларының беріктігін тұрақты тексеру.
Мамандардың айтуынша, қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтау арқылы мұндай қайғылы жағдайлардың алдын алуға болады.
Қордай аудандық орталық ауруханасы