РЕСЕЙДЕ ЖЕҢІС ТУЫН ЖЕЛБІРЕТТІ

0

25–26 сәуір күндері Ресей Федерациясының Магнитогорск қаласында инженер Г.Носовты еске алуға арналған әскери қоян-қолтық ұрыстан ашық турнир өтті. Байрақты бәсекеде Қордай ауданының жас спортшылары да бақ сынап, ел намысын абыроймен қорғап қайтты.

Жарысқа «Қордай батыр» спорт клубының шеберлері қатысып, жоғары деңгейдегі дайындықтарын көрсетті. Кіл мықтылар жиналған додада Амирлан Алимханов, Сырым Адай, Алинур Адай, Мейіржан Кенжебай, Айсултан Серкіжан және Мирага Каримов өз салмақ дәрежелерінде жүлделі орындардан көрінді.

55 кг салмақ дәрежесінде Мирас Орманбек қарсыластарына дес бермей, І орын иегері атанды. Сондай-ақ 65 кг салмақта Айдарбек Қадыралы да жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.

Ал 55 кг салмақ дәрежесінде Нұрбол Әбу, 70 кг салмақта Асхат Раджаббай ІІ орынды иеленіп, команданың қоржынына тағы да олжа салды.

Қайрат Катчибаев жетекшілік ететін спорт клубының бұл халықаралық деңгейдегі жетістігі — ең алдымен жаттықтырушы Қазбек Орманбектің еңбегі мен демеуші ата-аналардың қолдауының, сондай-ақ Қордай жастарының тынымсыз жаттығуларының нәтижесі екені сөзсіз.

Мұндай жеңістер жас спортшылардың жігерін шыңдап қана қоймай, олардың алдағы үлкен додаларға деген сенімін арттыра түседі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.