Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мен жастардың зияткерлік әлеуетін арттыру мәселесіне ерекше назар аударды. Мемлекет басшысы кітап оқу – өркениетті қоғам құрудың және озық ойлы ұлт қалыптастырудың маңызды негізі екенін атап өтті.
Осыған байланысты Президент жақында Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі арнайы Жарлыққа қол қойғанын айтты. Құжаттың басты мақсаты – адам капиталын дамыту, қоғамның интеллектуалдық және мәдени деңгейін көтеру.
Мемлекет басшысы Үкіметке кітапхана ісі мен кітап шығару саласын заңнамалық тұрғыда қолдау бойынша нақты шараларды жүзеге асыруды тапсырды. Сонымен қатар елде «Зерделі ұлт» тұжырымдамасы қабылданып, «Жылдың он оқырманы» республикалық жобасы ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, барлық азаматтарға қолжетімді болатын Ұлттық цифрлық кітапхана платформасы іске қосылмақ.
Президент бұл бастамаларды жүзеге асыруда мәдениет саласы қызметкерлерінің, әсіресе кітапханашылар мен баспагерлердің рөлі маңызды екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ еліміздің орта білім беру жүйесіне жасанды интеллект технологияларын енгізу жөніндегі Жарлыққа да қол қойғанын еске салды. Оның айтуынша, қазіргі технологиялық дәуірдің қарқыны өте жоғары, сондықтан жастардың заман талабына сай білім алып, жаңа мүмкіндіктерді игеруі аса маңызды.
Президент егер мұндай шешімдер уақытында қабылданбаса, жастардың жаһандық даму көшінен қалып қою қаупі бар екенін атап өтті. Бұл өз кезегінде мемлекеттің болашағына әсер ететін маңызды мәселе екенін жеткізді.
Мемлекет басшысы Қазақстан алдында Әділетті, Таза, Мәдениетті, Өркениетті әрі Озық ойлы қоғам құру міндеті тұрғанын айтты. Оның пікірінше, бұл мақсатқа жету үшін қоғамда жаңа мәдениет қалыптасуы қажет. Әсіресе еңбекқорлық, білімге құштарлық, отаншылдық, жанашырлық және жасампаздық қасиеттерін жас ұрпақтың бойына сіңіру маңызды.
Президент заң мен тәртіп қағидаты мәдениеті жоғары қоғамда ғана орнығатынын айтып, бұл бағыттағы жұмыстарға мәдениет саласы өкілдерінің де елеулі үлес қосып жүргенін атап өтті.